Ауданда денешынықтыру мен спорт жақсы дамыған. Өйткені, өңірде осы саланың ардагерлері аз емес. Олар бабы да, бағы да келіскен жас спортшыларды тәрбиелеп шығарды. Соның бірі – еркін күрес тарланы, КСРО спорт шеберлігіне үміткер, ат спорты бұйымдарының қолөнер шебері, байырғы бапкер Нұрсипат Ғалимов. Оның баптаған шәкірттері өз ұстазына деген шынайы құрметтің белгісі ретінде әрбір бес жыл сайын бапкерінің туған күнінде ат бәйгесін өткізуді дәстүрге айналдырған. Спорттық шара биыл да жалғасын тауып, Құлсары мен Қосшағыл ауылы аралығындағы бәйге алаңында тай мен құнан жарысы ұйымдастырылды. Айта кету керек, олар бұл бәйгені ауданның 95 жылдығы аясында өткізіп жатқанын мәлім етті.
Дүбірлі додаға тек Атырау мен Қызылқоға, Жылыой бапкерлері ғана емес, төскейде малы, төсекте жаны қосылып жататын көршілес Бейнеу ауданының атбегілері де елең етті. «Құнан атқа жеткізер, ат мұратқа жеткізер дегендей, олар да бағына келтіріп баптап жүрген болашақ арғымақтарын ала келіпті. Бір сөзбен айтқанда, бұл маңғыстаулықтар мен жылыойлықтардың келешек үлкен аламандарда жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар шығаратын болашақ сәйгүліктерін сынға салған сайыс болды.
«Ат тұяғын тай басар» демекші, ең алдымен, тай жарысына кезек берілді. Екі айналымдық бәйгеге барлығы тұлпардың тұяғындай 18 тай қатысты. Нәтижесінде жылыойлық Жасталап Танкиевтің «Қаршыға» атты жүйрігі оқ бойы озық келіп, мәре сызығын бірінші кесіп өтті. Екінші, үшінші болып боранқұлдық Саламат Қонарбаевтың «Шегесі» мен Жайкентаздың «Бақторысы» келді. Құнан бәйге де жанкүйерлердің қиқу салуымен өте қызықты да тартысты өтті. Бәйгеге ауыздығымен алысқан тоғыз тұлпар түсіп, олар үш айналымды еңсерді. Қорытындысында А л д о ң ғ а р М ы р з а ғ а л и е вт ы ң «Хан торысы» бас жүлдені иеленіп, бағының да, бабының да келіскенін көрсетті. Екінші болып мәре сызығын кескен боранқұлдық Нұрғабай Әлімбаевтың «Байторысы» да иесін нағыз мұратқа жеткізер құнан екенін байқатты. Үшінші жүйрік те жылыойлықтың қанжығасында кетті. Ол Жасталап Танкиевтің «Көркем-ай» жануары еді.
Құнан бәйгеден бірінші келген жүйрік иесіне мотоцикл мінгізді. Тай жарысының жүлдесі де қомақты болды. Өзге жүлдегерлер теледидар, тұрмыстық техника мен ақшалай сыйлықтарға ие болды. Айта кету керек, 1-3 жүлдеден басқа төртінші, бесінші келген жүйріктердің иесі мен шабандоздарына да сыйлықтар тарту етілді.
Е.БИСЕКЕНҰЛЫ