Ауданда соңғы жылдары жасөспірімдер мен жастар арасында спорт қарқынды дамуда. Оның ішінде таэквондошылардың шоқтығы биік. Қаңтар айында Павлодар қаласында өткен «Pavlodar open» халықаралық деңгейде өткен республикалық ашық турнирден жылыойлықтар жүлделі оралды. Алтыннан алқа тағынған қос өреніміз көңілімізді көтеріп, мерейімізді өсірді.
Турнирге 600-ге жуық спортшы қатысты. Көршілес Моңғолия, Ресей мемлекеттерінің де жас спортшылары бақ сынап көрді. Бірнеше күнге созылған бұл турнирде жерлестеріміздің қанжығасы майланып, даянгта төккен тері мен осыған дейінгі еткен еңбегі ақталды. Атап айтқанда, 10-11 жас арасында 40 кг салмақ дәрежесінде бақ сынаған Дінмұхаммед Жақсыбай мен 15-17 жас аралығында 78 кг-да өнер көрсеткен Абылайхан Өтебалиев қарсы келгенін алып ұрып, қарсылас атаулының барлығын қапы қалдырып, чемпион атанды. Қазіргі таңда жеңімпаздар аудандық №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде тәлім алуда. Жас таэквондошылардың жаттықтырушысы Нұрадин Жолдасов:
- Төрт күнге созылған турнир тамаша деңгейде өтті. Жас спортшыларымызға тәжірибе жинауы үшін керемет мүмкіндік болды деп есептеймін. Халықаралық деңгейде өткен бұл жарыстың берері көп. Шәкірттеріме дән ризамын. Қос бірдей алтын медаль сыйлады. Шыны керек, басқа да спортшылардан осындай нәтиже күткен едік. Бірақ, әттеген-ай деген сәттер болып қалды. Дегенмен, алдағы уақытта оқу-жаттығу жиындарын одан әрі жалғастырып, үлкен додаларға дайындықты бастаймыз. Жылы лебізін білдірген жылыойлықтарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ,-деді өз сөзінде. Иә, нағыз чемпиондар жасынан-ақ салған жерден суырылып шығып, дара шабатыны мәлім. Біздің де қос чемпионымыз болашақта биік белестерді бағындырып, еліміздің атын шығаратынына сенеміз. Жылыой спортының жарқын болашағы әлі алда.
Е.АЛТАЙҰЛЫ