Әкім кубогі – «Достықта»

Құлсарыда кіші аяқдоптан қала әкімінің кубогі өтті. Футзал бәсекесіне аудан ішінен 6 команда қатысып, бақ сынап көрді. Арнайы келген қала әкімі Қадыржан Адинов құттықтау сөз сөйлеп, командаларға сәттілік тіледі.

25-26 қыркүйекте өткен турнир І ықшамаудандағы жаңадан ашылған спорт кешенінде болды. Екі күнге созылған дүбірлі доданы тамашалауға келген қала тұрғындарының қарасы қалың еді. Әдемі голдар мен тартысты шабуылдарға қарық болған көрермендердің алған әсері ерекше. Турнир қорытындысымен «Жігер» командасы үздік үштікті түйіндесе, ақтық айқаста «Алауды» ұтқан «Достық» ұжымы алтыннан алқа тақты. Өткен айда болған әуесқойлар арасындағы чемпионатта да «Достық» жеңіске жеткен еді. «Үздік қақпашы» номинациясын жеңіп алған Мейіржан Аралбай:

- Жарыс тартыс пен таласқа толы өтті. Керемет деңгей десем, қате айтқандығым емес.

Ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Осындай турнирлер көптеп болса, аудан футзалы да дамитыны сөзсіз. Барша жеңімпаздарды шын жүректен құттықтаймын,-деді өз сөзінде. Ұйымдастыру алқасының шешімі бойынша Дәулетжан Төлеуов «Үздік қорғаушы», Ерхасан Беглен «Үздік шабуылшы», Ғабит Табылдиев «Үздік ойыншы», Кенжебек Білеков «Үздік сұрмерген» атанды. Иә, қарсыластың қақпасын қақыратқан Кенжебектің жойқын соққылары жылыойлықтардың есінде біразға дейін сақталары сөзсіз. Өйткені керемет ойынымен көрермен көзайымына айналған бұл жігіттің болашағы зор екені көзге көрініп-ақ тұр.

Соңғы уақытта жалпы елімізде футзал спортының танымалдылығы артып келеді. Оған көп септігін тигізіп жүрген ұлттық құрамамыз екені даусыз. Төрткүл дүние көз тіккен Ташкенттегі әлем чемпионатында да жарқын ойын өрнегімен жанкүйерлердің есінде мәңгі қалды. Тек ширек финалда ойламаған жерден шалыс басқандары жанға батады. Әйтпесе, алтыннан дәмеміз зор еді. Әзірге еліміздің бас командасында жылыойлықтардың жоқтығы рас. Дегенмен осындай турнир көптеп өткізіліп, спорт секцияларында білікті бапкерлер қызмет атқарса, өзіміздің Біржан мен Дәурендеріміз көк туымызды көкке көтереді.

Еске салсақ, жылыойлық Нұрболат Батырханов осы әлем чемпионатының іріктеу ойындарына шақырту алып, Каканың көзіне түскен болатын. Айтқанынан қайтпайтын қайсар мінезі болса, әлі де Батырхановтың топ бастар күндері туатыны анық.

Барлық қатысушылар ақшалай сыйлықтармен марапатталып, кубоктар табысталды. Турнирден «Жылыой футзалының болашағы жарқын болсын» деп тарқастық.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521