Өткен аптада толық қоян-қолтық ұрыстан балалар-жасөспірімдер арасында аудан әкімінің кубогі сарапқа салынды. Дүбірлі додаға еліміздің батыс аймағының көп бөлігінен спортшылар қатысып, бақ сынап көрді. Ашылуына арнайы келген аудан әкімі Жұмабек Қаражанов қатысушыларға сәттілік тілеп, ізгі тілегін жеткізді. Турнирге Атырау, Бейнеу, Боранқұл, Ақтөбе қаласынан қонақ командалар келіп, жалпы 100-ге жуық спортшы қатысты. Ашылу салтанатында сөз сөйлеген аудан әкімі Жұмабек Қаражанов:
- Бүгін ауданымызда балалар-жасөспірімдер арасында қоян-қолтық жекпе-жек ұрыстан үлкен спорттық шара өтуде. Бұл жарыс - балғын спортшылардың шеберлігін шыңдап, тәжірибе жинақтап, өздерін жаңа қырынан көрсетуге үлкен мүмкіндік,- деді сөзінде.
Арнайы ереже бойынша өткен командалық сайыста үздік үштікті Атыраудан келген «Каштенбай» командасы түйіндеді. Жайықтың жағалауындағы облыс орталығынан ат арытып жеткен тағы бір команда - «Чемпион» құрамасы күмісті қанағат тұтты. Ал жергілікті мықты спортшылардан құралған жылыойлық «Мерген» тобы алтыннан алқа тағып, турнир чемпионы атанды.
Осылайша аудан әкімінің кубогі ауданда қалды. Барша жеңімпаздар арнайы сыйлық және дипломмен марапатталды. Әрине, жасынан спортқа құмар ел жастары осылай салауатты өмір салтын ұстанса, дені сау ұлт боларымыз сөзсіз. Жылыойдың жеңісті күндері әлі алда деп сенеміз.