Өткен сенбіде дәстүрлі садақ атудан «Jylyoi sadaq cup» турнирі өтіп, құралайды көзге атқан мергендер Құлсарыда бақ сынады. Елімізде аталып өтілетін Спорт күніне арнайы ұйымдастырылған шараға көршілес облыстан да спортшылар келді.
16 жастан асқан ерлер мен әйелдер арасында өткен жарысқа 50-ге жуық спортшы қатысты. Турнирге Орал, Жаңаөзен, Атырау қаласы мен Қызылқоға сынды өлкелерден де қонақтар келіп, бәсекенің көркін қыздыра түсті. Алғаш сөз сөйлеген аудан әкімінің орынбасары Нұрболат Сарманов жарысқа қатысушыларға сәттілік тілеп, ұлттық спорттың мәртебесі арта берсін деген ізгі ниетін жеткізді.
Кешегі өткен олимпиададан шабыт алған мергендер барын салып бақты. Дегенмен, ә дегеннен-ақ үздіктер алға суырылып шықты. Жарыс қорытындысы бойынша жамбы нысанасынан Жәнібек Саламатұлы мен Қымбат Жұмабаевалар жеңісті ешкімге бермеді. Қалқан нысанасы бойынша Әли Сесигюзел мен Айжан Орынғалиева жүзден жүйрік шықты.
Жеңімпаздарды турнир демеушілерінің бірі – «Құлсары жастары» қоғамдық бірлестігінің басшысы Гүлмира Қонарбайқызы марапаттап, өзінің жүрекжарды жылы лебізін жеткізді. Бұл бәсекеде, негізінен, сақа ойыншылармен қатар жігерлі жастар да өнер көрсетті. Олай дейтініміз, былтырғы жылғы Қазақстан чемпионы атанған Әли Сесигюзел де өз өнерін көрсетіп, кезекті жүлдесін қанжығаға байлаған болатын. Бір жағынан жергілікті жастар үшін тәжірибе жинауға тамаша мүмкіндік болды.
Өткен жылғы Азия ойын- дарында атой салып, жазғы олимпиада ойындарында көрермен көзайымына айналған Әсем Орынбайлардың ізін қуар ізбасарлары осы жарыста да бой көрсетті. Осындай сайыстар көбірек бола берсе, бізден де құралайды көзге атқан мергендер топтасып шығары сөзсіз.
Ынталандыру есебінде жарыс жеңімпаздары дипломмен және ақшалай сыйлықпен марапатталды.