Қазақстан чемпионы атанды

Ауданымыздың спорт саласындағы жетістіктері тағы бір мәрте ел мерейін үстем етті. Жаңа Қаратон кентінің жас спортшысы, волейболшы Кәусар Мәлікқызы Қазақстан Республикасының чемпионы атанып, туған жерінің абыройын асқақтатты. Кәусар бүгінде Жаңа Қаратон кентіндегі №22 жалпы білім беретін мектептің 8-сынып оқушысы. Ол волейбол спортымен бесінші сыныптан бастап жүйелі түрде айналысып келеді.

Жас болса да, бойындағы қайсар мінезі мен жеңіске деген жігері оны аудан көлемінде үздік атандырып, үлкен спорт жолына алып келді. Алғашқы қадамдарын туған жерінде бастап, алғашқы жеңістеріне қол жеткізген Кәусар бүгінде Атырау облысының жасөспірімдер құрамасының негізгі ойыншыларының бірі. Ол қазір облыс намысын республикалық деңгейде қорғап жүрген спортшылар қатарында. Жас спортшының жетістікке жетуіне зор үлес қосқан алғашқы жаттықтырушысы - Малика Өскінбай. Бапкердің айтуынша, тынымсыз еңбегінің арқасында Кәусар кәсіби-техникалық шеберлігін шыңдап, командалық ойынның қыр-сырын толық меңгеріп, үздік нәтиже көрсетіп жүр.

- Кәусар 11 жасынан бастап мектептегі тегін волейбол үйірмесіне қатыса бастады. Менің ең алғаш бастап дайындаған шәкірттерімнің бірі десем болады. Кәусардың волейболға деген ерекше қызығушылығы мен ынтасын байқаған соң, оны өз деңгейімде ұстап қалмай, кәсіби дамуына жол ашу үшін №4 Балалар мен жасөспірімдер спорт мектебіне жібердім. Аталған спорт мектебінде оның кәзіргі жаттықтырушысы - Нұрсезім Аманжолқызы. Сол жерде Кәусарым мол тәжірибе жинақтап, аудандық және облыстық деңгейдегі жарыстарға қатыса бастады. Аудан намысын абыроймен қорғап, көптеген жүлделі орындарға ие болды. Жарыстар барысында Кәусар бойымен де, ойын өрнегімен де көзге түсіп, өзге жаттықтырушылардың назарын аудара білді. Қазіргі таңда сол спорт мектебінде жаттығуын жалғастырып, республикалық жарыстарға қатысып, чемпион атанып жүр,-дейді ол. 

Айта кету керек, 2025 жылы волейболдан жасөспірімдер арасында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында Атырау облысының құрама командасында жоғары деңгейдегі ойын көрсетіп, қарсыластарынан басым түсіп, бірінші орынды жеңіп алды. Бұл тарихи жеңістің бел ортасында жерлесіміз Кәусар да болды. Аталған чемпионат жас спортшылар үшін үлкен тәжірибе алаңы, сондай-ақ болашақ кәсіби спорт жолына берік баспалдақ болды. Кәусардың табандылығы мен еңбекқорлығы, командалық рухы мен жауапкершілігі оның келешекте бұдан да биік белестерді бағындыра алатынын көрсетеді. Бүгінде аудан жұртшылығы жас чемпионның жетістігіне шынайы қуанып, оның болашағынан үлкен үміт күтуде. Мұндай жеңістер тұтас аудан спортының дамуына серпін беретін маңызды жетістік. 

А.Талапкер

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT