Ақыл мен парасаттың ойыны шахмат ежелден жоғары бағаланады. Ақсүйектер ойыны саналатын бұл спорт түрі асқан біліктілік пен білімді қажет етеді. Ауданымызда да шахмат десе, ішкен асын жерге қойып, 32 мүсіннің ішінде өмір сүретін ақсақалдарымыз аз емес. Облыстық іріктеу ойындарына қатысқан командамыз жүлделі оралып, республикалық турнирдың жолдамасын қанжығалап қайтты.
ҚР Парламенті Сенатының «Senat open» турнирі аталған спорт түрінде бәсі жоғары бәсекелердің бірі. Мұнда енді-енді тәй-тәй басып келе жатқан шахматшы мен сақа ойыншылар да бақ сынай береді. «Абай» орталығында өткен бұл жарысқа облыстың менмен деген спортшылары келіп, бақтарын сынап көрді. Солардың ішінде Ақылбай Жүкешев, Қамбар Сейтов, Абзал Лауеденовтен құралған аудан құрамасы үздік үштіктің қатарынан көрініп, ел біріншілігінде бақ сынауға мүмкіндік алды.
Бір қызығы, біздің құрамадағы екі шахматшымыз зейнеткер. Қамбар Сейтов 66 жаста болса, Ақылбай Жүкешев сексеннің сеңгіріне шыққан ардагер шахматшы. Ақылбай Жүкешевтің аталған ойынға махаббаты соншалық жұмыс уақыты өткен соң да, шахмат ойнауға бірнеше сағатын жұмсайтын болған. Әлі де ыстығы басылмаған Ақылбайдың асулары алда секілді. Себебі, көптеген жылдарды артқа тастаған тәжірибе толыспаса, азайып жатқан жоқ. Бұл жарыстағы ең егде ойыншылардың да бірі атанды.
Аудан командасының белсенді мүшесі Қамбар Сейтов:
-Турнир қызықты әрі тартысты өтті. Додаға түскенде делебеміз қозып, жеңіске ұмтыламыз. Сол жалын мен тәжірибенің арқасында жүлдегерлер қатарындамыз. Алайда, әлі де болса үлкен белестерді бағындыру үшін барымызды саламыз. Ел біріншілігінде де аянып қалмай, аудан, облыс намысын абыроймен қорғаймыз,-деп турнирден кейінгі әсерімен бөлісті.
Барша жеңімпаздар облыстық мәслихат төрағасы Мұса Хайруллиевтың дипломымен марапатталды. Ал, аудан құрамасына республикалық турнирде сәттілік тілейміз!
Е.АХМЕТКӘРІМ