Тараз қаласында қаңтардың 24-і мен 27-і аралығында еліміздің Таэквондо федерациясының тұңғыш президенті Бексейіт Түлкиевті еске алуға арналған жоғарғы А санаттағы халықаралық турнир өтті. Оған еліміздің барлық аймағынан және Өзбекстан, Қырғызстан мемлекетінен барлығы 800 спортшы қатысып, бақ сынады.
Одан Құлсары қаласындағы №1 аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі таэквондо бөлімінің спортшылары да тыс қалған жоқ. Төрт күнге созылған турнирден жылыойлық таэквондошылар жүлделі оралды. Тарқатып айтар болсақ, жастар арасындағы дүбірлі додадан 48 келі салмақта күш сынасқан Мақсат Төлегенов І орынды жеңіп алса, 51 келі салмақтағы Алмат Қанатбаев ІІ орын, ал 73 келідегі Абыл Кенжебек ІІІ орынды иеленді. Ал жасөспірімдер ішінен 57 келі салмақта топ жарған Әдемі Нариманқызы ІІІ орын алды. Әрине, бұл жеңіс оларды осы додаға баптаған жаттықтырушылары Азамат Нұржанов, Дастан Қожыров, Нұрадин Жолдасов, Нұрболат Байдуллаев, Мөлдір Нұрбергеновалардың да жетістігі екендігі сөзсіз.
Аудан спортшыларының жеңісі жалғыз мұнымен шектеліп қалмайды. Алматы облысында 27-28 қаңтар аралығында дзюдо күресінен «NAIZA OPEN CUP» республикалық турнир өтті. Оған 70 командадан 1000-ға жуық спортшы қатысты.
Турнирге №3 балалар-жасөспірімдер мектебінің спортшылары да қатысып, жүлделі орындарға ие болды. Атап айтқанда, Кәусар Ахметова (44 келі салмақта) мен Мұса Серік (29 келі салмақта) І орынды қанжығасына байласа, Даниял Оңайбай (29 келі салмақта) ІІ орынды иеленді. Ал Қосшағыл балалар-жасөспірімдер спорт мектебінен Шыңғысхан Қасым (23 келі салмақта) ІІ орын алып қайтты.
Ал Орал қаласында 20-25 қаңтарда самбо күресінен кіші жасөспірімдер мен қыздар арасында өткен «Жас самбошы» турнирден №1 аудандық балалар-жасөспірімдер спорт мектебі самбо бөлімінің спортшылары да жүлделі орынмен оралды. 35 келі салмақта белдескен Алихан Аманқос ІІ орынды жеңіп алса, 32 және 55 келі салмақта күрескен Жансен Бақтығали мен Нұрбол Ербөлек ІІІ орындарды иеленді.
Е.Бисекенұлы