Қала күніне тарту

Құлсарыда жаңа спорт кешені бой көтерді. Көп көзін тігерліктей керемет салынған нысан қаламыздағы І ықшамауданда орналасқан. Өткен аптада ғана ашылу салтанаты өтіп, спортсүйер қалың жұртшылыққа есігін айқара ашты. Салтанатты ашылу шарасына аудан әкімі Жұмабек Қаражанов арнайылап қатысып, ақжарма ақ тілегін жеткізді.

Құттықтау сөз сөйлеген аудан әкімі Жұмабек Байрақбайұлы:

- Бүгін аудан спортындағы айрықша күн. Спорт кешенін қала күніне орай ашуды жоспарлағанбыз. Алдағы уақытта осы жерден еліміздің туын жерге жықпас талай чемпиондар шығатынына сенім мол. Бүгінгі жас буын – ертеңгі үмітіміз, сенімді тірегіміз. Қуанышты сәтпен баршаңызды құттықтаймын, - деді.

Жаңа ғимараттың қызыл лентасын аудан спортының ардагерлері Жұмабай Құдайбергенов пен Амангелді Қарасаев қиды. Жиналған жұртшылық нысанның ішін аралап, өз бағасын да беріп шықты.

Қос қабатты нысанның жалпы көлемі 1543,5 шаршы метрді құрайды. Бұл спорт кешенінің ішінде аудан жастары футзал, дзюдо, күрес, бокс секілді спорт түрлерімен шұғылдана алады. Онда 150 орындық көрермен және жаттығу залы да қарастырылған.

Дене шынықтыру кешенінің құрылысын «Sala» ЖШС жүргізді.

Айта кетейік, спорт кешенінің негізгі залы футзалға арналып, жалпы ғимарат заманауи құрал-жабдықтармен толықтай қамтылған. Ендеше, еліміздің намысын аяқ асты етпес өзіміздің Елдос, Айбек, Назымдарымыз осы спорт кешенінен шығарына кәміл сенеміз.

Е.АХМЕТКӘРІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521