«Бала ойынмен өседі» демекші, ойынның бала тәрбиесіндегі алар орны ерекше. Ол – сандаған ұрпақтың керегіне жарап, оларды өмірге әзірлеу қажетін өтеген, сыннан өткен сенімді тәрбие құралы. Ойын жігерлілікке, шыдамдылыққа және ұйымшылдыққа тәрбиелейді. Сондай- ақ, ел ертеңінің ойлау қабілетін де дамытады. Сондықтан да Мемлекет басшысы өзінің халыққа арнаған Жолдауында бұқаралық және балалар спортын дамыту жөнінде арнайы тапсырма берген-ді. Міне, осы мақсатта жақында Құлсары қаласы мен Шоқпартоғай ауылында 8 ойын алаңы ашылды. Спортты қолжетімді ету мақсатында ел игілігіне берілді. Өркендеген өңір Құлсары қаласындағы ойын алаңы Жазира Өмірова мен Ерсайын Бегенов бастаған ынталы топтың бастамасымен ашылды. Ол «Достық» ықшамауданында орналасқан. Заманауи үлгіде сапалы материалдармен жасалған «әткеншек», «айналмақ», «сырғанаққа» сол күні кезек- кезек мініп, мәз-мейрам болған бүлдіршіндердің қуанышында шек болмады. Ата-ана үшін баласының қуанышты жүзін көруден, олардың шаттанған әрбір сәтіне куә болудан асқан қандай бақыт бар. Жасыратыны жоқ, бұрын-соңды мұндай алаңдар болмаған соң балалар шаң-топыраққа аунап, ойнауға мәжбүр болатын еді. Міне, ауылда жаңа алаң пайда болғалы ата-аналар да, бүлдіршіндер де оны жасақтап берген жандарға жүрекжарды алғыс сезімдерін білдірді.
-Балаларымыздың ойнайтын жері болмаған соң алаңдап жүретін едік. Қоқысқа толы жерден мынадай керемет алаңдар салу біздің арманымыз болатын. Бірақ та қаражат мәселесі қинады. Биыл «Qoǵamdyq keńistikter» жобасы жайлы естігеннен кейін, оған бірден қатысуға шешім қабылдадық. Осы жоба аясында ауыл тұрғындары жұдырықтай жұмылып, өз күшімізбен алаңның әткеншегін орнатып, ағаш отырғызу, суару, сырлау секілді барлық жұмыстарды басынан аяғына дейін жасап шықтық. Әкімдік өкілдері жерді қоқыстан тазартуға жәрдемдесіп, ойпаң жерге 40-тан астам «КамАЗ» көлігімен топырақ түсіріп беріп, тегістеді. Осылайша армандаған «Алақай-балақай» және «Шымыр бол» деп аталатын екі жобаны бір жерде жүзеге асыруға мүмкіндік алдық. Бұл алаң 100-ден аса балаға арналған. Бүгінде кешкісін бүлдіршіндерін серуенге, ойынға алып шығатын тұрғындар үшін жайлы мекенге айналды,-деді жоба жетекшісі Жазира Өмірова.
Дәл осы тектес жоба Құлсары қаласының 4-ықшамауданында да жүзеге асты. Онда қыздарға арналған волейбол алаңы ашылды. Бұған тұрғындар да дән риза. Расында да, аудан орталығында мұндай қолжетімді көше волейбол алаңы бұрын-соңды болмаған еді. Қыздардың спортпен шұғылдануға деген құлшынысын оятуға арналған жоба да сәтті аяқталып, өз мәресіне жетті. Бұл жөнінде жоба жетекшісі Асылбек Тұржанов былай дейді:
-Бұл жоба бірінші жыл емес. Бұған дейін бастамашыл топ спорт алаңын салып халық игілігіне берген болатын. Көше бойында 200 – ге тарта үй орналасқан және жастардың саны 100-ден асады. Ауылымызда бір шағын футбол және воркаут алаңы бар. Жастардың барлығы сол жерге жиналады. Бірақ бұл алаңдар көп жағдайда ер балаларға арналған еді. Ал қаракөз қарындастарымыз балалармен жағаласып ойнауға мәжбүр. Сол себепті қыздар үшін арнайы волейбол алаңын салу жобасын ұсынып байқауға қатысқан едік. Мұндай көше волейбол алаңы қаламызда жоқ, тек қана мектептің спорт залында орналасқан. Оған қыздарымыз қалаған уақытында және демалыс кезінде кіре алмайтыны анық. Волейбол алаңы – қолжетімді спорт түрімен айналысуға мүмкіндік беретін, балалар мен жастардың бос уақытын зая кетірмей, таза ауада бой сергітіп интернетке тәуелділіктен арылуға бағытталған бірегей жоба.
Мұндай жоба екінші жыл қатарынан өтіп жатыр. Арасында «Береке» ықшамауданының белсенді тұрғындары да топ жаруда. Ынталы топ өздері тұратын жаңадан салынған ықшамауданды өз күштерімен дамытуға талпынуда. Жоба аясында 2022 жылы ойын алаңын салса, биыл жанынан спорт және Воркаут алаңдарын да орнатты. Осы тектес алаңдар Құлсары қаласының «Автодорожник» пен «Жадырасын» ықшамаудандарынан да ашылды. Олар: “Қарлығаш” және “Жадырасын” деп аталады. Жоғарыда атап өткеніміздей, Шоқпартоғай ауылынан да биылғы жылдың алғашқы жобасы ретінде воркаут алаңының қызыл лентасы қиылды. Айта кетейік, мұндағы тұрғындар 2021 жылы жаяу жүргіншілер көпірін салып жұртшылықты таңқалдырған болатын. Нәтижелі жобаның жемісін көрген шоқпартоғайлықтар арасында ортақ іске белсенділік танытып, ауылын көркейтуге асығатын тұрғындар қатары көбеюде.
Айта кетейік, аталған әлеуметтік нысандар аудан әкімдігінің және «Теңізшевройл» компаниясының қолдауымен, «Орталық Азия Евразия» қорының ұйымдастырумен салынды. 2020 жылдан бері жүзеге асырылып келе жатқан «Қоғамдық кеңістіктер» жобасы аясында ауданда осы уақытқа дейін 80 нысан халық игілігіне берілген екен. Биылғы жоба бойынша 28 нысан халық игілігіне пайдалануға беріледі деп жоспарлануда.
Айнұр МАХАМБЕТОВА