ГРУЗИЯЛЫҚ ПАЛУАНДЫ АЛТЫ СЕКУНДТА АЛЫП ҰРҒАН АРУ

2022 жылдың шілде айының 27-сі мен 8 тамыз аралығында Ресей Федерациясының Владивосток қаласында Халықаралық VII «АЗИЯ БАЛАЛАР» жарысы өтті. Әлемнің 12 елінен қатысқан дүбірлі додада дүниежүзінің 1500-ге тарта балғын палуандары спорттың 19 түрінен бақ сынасты.

Соның ішінде дзюдо күресінен 44 келі салмақ дәрежесінде боз кілемде белдескен жылыойлық жас дзюдошы Гүлхан Шыңғысхан қарсыластарының біразын тізе бүктіріп, 3-орынды олжалап қайтты.

Дәл сол жылы Қызылорда қаласында қыркүйек айының 14-і мен 18-і аралығында дзюдодан кіші жасөспірім ұл-қыздар арасында Қазақстан Республикасының чемпионаты өтті. Мұнда да 44 келі салмақта белдескен Гүлхан ел чемпионы атанып, аймақ абыройын асқақтатты.

Республикалық және халықаралық аренада күш сынасып, көзге түскен балғын спортшы одан да зор биіктерді бағындыра білді. Айталық өткен жылы Грузияның Гори қаласында дзюдо күресінен 2006-2007 жылы туған жасөспірімдер арасында «Европа кубогы» ұйымдастырылған болатын. 16 мемлекеттен 350-ге жуық спортшы бақ сынасқан дүниежүзілік додада №1 мектептің палуаны Шыңғысхан Гүлхан өз салмақ дәрежесінде өнер көрсетіп, жүлделі 3 орынды жеңіп алды. Гүлхан онда қарсыластарымен 4 кездесу өткізді. Біріншісінде грузин спортшысын 10:0 есебімен ұтып, екінші мәрте түріктің палуан қызын 10:0 қылып (иппон) айқын басымдықпен жеңіп шықты. Келесі кездесуде түрік спортшысына берілген қосымша уақытта вазари әдісіне есе жіберіп қойды. 3-орын үшін болған соңғы белдесуде грузиялық палуанды 6 секундтың ішінде иппон әдісімен таза жеңіп, мерейі үстем болды.

Палуан қыз жеңіс жолындағы жетістіктерін биыл да жалғастырып келеді. Астана қаласында 13-28 ақпан аралығында дзюдодан өткен 2006-2007 жылы туған жасөспірім ұл-қыздар арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатында Гүлхан Шыңғысхан тағы да талантты спортшы екенін танытып, 2 орынды қанжығасына байлады. Ал сәуір айында Тараз қаласында 2005-2006 жылғы жасөспірімдер күш сынасқан самбо күресінен республикалық чемпионат өткен еді. Біріншілік жүлделерін еліміздің 17 облысынан жиналған 450-ден аса спортшы сарапқа салды. Онда да 59 кг салмақ дәрежесінде белдескен Гүлхан жеңімпаздар қатарынан көрінді.

Балғын спортшыны осындай дүбірлі додаға дайындаған жаттықтырушысы Жаңылсын Көптілеуова Гүлханның алға қарай да арқасы жерге тимейтін палуан болып шығарынан үміті зор.

Е.ҚОШАҚАНОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT