Футбол аламаны басталды

Ауданда алғаш рет әуесқойлар арасында футбол лигасы бастау алды. Әкімшіліктің қолдауымен өтіп жатқан турнирдың бәсі жоғары. Себебі, кәсіпқой деңгейдегі футбол клубының алғашқы іргетасы іспеттес. Жұлдызы жанған әуесқойлар алдағы уақытта аудан намысын үлкен ареналарда қорғайтын болады.

     Сәуірде Құлсарыдағы «Орталық» стадионда басталған чемпионат жаз айларының аяғына дейін созылады. Бас-аяғы 17 құрама чемпиондық атаққа таласады. Бұл турнирде, жылыойлық жастар ойын өрнегін көрсетеді. Сондықтан, болашақта құрылатын футбол клубының да негізі осы турнирде қаланбақ. Бұл туралы аудан әкімінің орынбасары Гүлнафис Айшуақова:

    -Иә, бұл жоспарлы түрде жасалып жатқан турнир. Алдағы уақытта кәсіпқой деңгейде аудан командасын ел чемпионатына қосу ойда бар. Жастардың да уақытын тиімді өткізу үшін тамаша мүмкіндік деп ойлаймын. Ал, қатысушыларға сәттілік! Шын мықтылар жеңімпаз атансын,-деді өз сөзінде.

Лига ойындары аптаның демалыс күндері болмақ. Жұма күні кеш қарая басталған матчтар жексенбі күні өз мәресіне жетеді. Өткен аптада алғашқы тур ойындары да болып өтті. Бір командалар оза шапса, бір құрамаларда әлі де болса тәжірибесінің жетіспеушілігі байқалуда. Ал, кей ұжымдар өңкей жас ойыншылардан құралса да, ағаларына қарымды қарсылық көрсете білдірді. «Ембі» «Абатты» тізе бүктірсе, «Нұр-Жақып» пен «Ислам» «Жастар» және «Майкөмген» командаларын ірі есеппен жеңді. Ал, «Әмина» ақкиізтоғайлықтардан басым түссе, «Медина» мен шоқпартоғайлықтар тең тарқасты. Келген көрермендердің де қарасы қалың болды. Стадион лық толмағанымен, айтарлықтай жанкүйер жиналды. Өзінің ықшам ауданына қолдау көрсеткен кішкентай бөбектердің өзі де көңілімізді көтеріп тастады. Чемпионаттағы ең жас ойыншының бірі, 11-сынып оқушысы Шыңғысхан Дүзелбаев:

-Негізі, біз футзалдан аудан намысын республикалық деңгейде қорғап жүрміз. Үлкен футболда да өз айтарымыз бар деп ойлаймын. Дегенмен, адаптация өтуде. Алғашқы ойында жеңілгенімізбен, келесі кезеңдерді өзімізге тиесілі үш ұпайды қанжығаға байлаймыз. Жастарға қолдау көрсетіп, осындай турнир жасап жатырған ұйымдастырушыларға алғысым шексіз. Мұндай матчтардан тәжірибе жинақтап, алдағы уақытта аудан намысын абыроймен қорғаймын деген үміттемін,-деп өз әсерімен бөлісті.

Иә, футболсүйер қауым үшін керемет бастама болды. Соңғы жылдары ауданымызда футзал спорты қарқынды дамып келеді. Енді, міне, футбол аламаны да басталды. Егер, футбол клубы құрылып, кәсіпқой деңгейде ел чемпионатына қатысар болса, стадион лық толары сөзсіз. Себебі, жылыойлықтардың бұл спорт түріне жаны құмар. Ендеше, жеңісті күндерде жүздескенше!
Е.АХМЕТКӘРІМОВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT