Адам баласының шынайы мүмкіндігі тәннің шекарасымен емес, рухтың кеңістігімен өлшенеді. Бұл сөздің шындығын ауданымызда тірек-қимыл және көру қабілеті зақымданған мүмкіндігі шектеулі жандардан құралған спортшылар арасында өткен дойбы турнирі тағы бірі ретінде есте қалды.
Бұл жарыс – жай ғана сайыс емес, қатысушылардың ерік-жігері мен еңбегі, табандылығы мен төзімі көрінген маңызды бәсеке болды. Дойбы тақтасының әр шаршысы – үміт пен жеңіске деген сенімнің алаңына айналды. Ойын барысында балалар тек логикалық ойлау қабілетін ғана емес, ерекше сабыр мен парасатының, зейін мен зердесінің қандай екенін көрсетті.
Нәтижесінде ұлдар арасында Бақдәулет Алпысұлы жеңіске деген ерік-жігерімен дараланып, I орынға ие болды. Ал II орын Орынбасар Нұрғалиевке берілсе, III орынды Рауан Кенжеғалиұлы місе тұтты. Қыздар арасындағы бәсеке де өте тартысты өтті. Ақнұрай Қуанғали қарсыластарынан оза шауып, жүлделі I орынды жеңіп алса, II орын Анель Шынтеміроваға, ал III орын Жанерке Бақсориеваға бұйырды. Жеңімпаздар мен жүлдегерлер арнайы дипломдармен және медальдармен марапатталып, зор қуанышқа бөленді.
Расында да бұл турнир – жас жүректерге сенім ұялатқан, ертеңгі күнге үміт сыйлаған жарқын шара болды. Шын мәнінде, дойбы тек ойын емес, өмір сабағы. Ал бұл сайыс – әр жүрекке от жағып, әр ерекше жанға шабыт берген нағыз рухани сайыстың бірі ретінде есте қалды.
А.Молдашев