Дзюдоның дарабозы

Бүгінде Бекзаттың бабын жасап, бағын жандыруға барын салып жүрген бапкері – Қуаныш Сүлейменов.

Дзюдо – жекпе-жектің төресі, асқақ рухтың спорты. Татамидегі «тайғақ жолда» болаттай төзім, шыңдалған шымырлықпен қатар, ұшқыр ақыл-ойды таптырмас тактикамен ұтымды ұштастыру да маңызды. Күншығыс елінен бастау алған спорттың бұл түрі адалдық философиясымен астасып, өзіндік сырымен баурап алады.

Дзюдо - әлемде ең көп таралған спорт. Нақтыласақ, әлемде 30 миллионға жуық адам дзюдомен кәсіби түрде шұғылданады. Солардың қатарында дзюдоның бір кетігіне кірпіш болып қалануды алдына мақсат етіп қойған жылыойлық Бекзат та бар. Бекзат Мұратұлы жекпе-жектің бұл түрін жеті жастан жанына серік еткен. Буыны бекіп, қанаты қатаймаған бала шағынан дзюдодан талай додада топ жарып келеді. Ұлының бойындағы ерекше қабілетін ерте таныған әкесі кіп-кішкене қара баланы спорт мектебіне өзі жетелеп апарған еді. Қырағы әке жаңылмапты.

Ауданымыздағы №15 Сүлеймен Карабалин атындағы мектепті 2018 жылы тәмамдаған Бекзат бүгінде Алматы қаласындағы Спорт және туризм академиясының 3-курс студенті. Бекзаттың әр жаттығудағы табандылығын, жеңіске деген жігерін отты жанарынан байқауға болады. Спортшының сөзіне сыйдырсақ, «дзюдо – ол үшін өмірдің өзі». Бекзаттың талабын жазбай танып, спорт жолына жетелеген - бапкері, денешынықтыру саласының үздігі Ешібаев Наран. Бекзаттың жолын татамиге тоғыстырып, дзюдогиді үстінен тастамауға сеп болған бапкері оны аламан бәйгеге бірінші болып үкілеп қосқан еді. Бекзат та өзіне үміт артқан жандарды жерге қаратпады. 31 келі салмақтан бастап, 100 келіге дейін сынға түсіп, талай турнирде қанжығасы жеңіске толды. Атап айтар болсақ, 1998-2000 жылғы жастар арасында Дзюдодан облыстық іріктеу біріншілігінде жеңістің екінші тұғырынан көрініп, республикаға жолдама алды. 2019 жылы наурыз айында Атырау қаласында өткен Қазақстан Республикасының чемпионатында II орын алса, 2020 жылы наурыз айында Тараз қаласында өткен 2000-2002 жастар арасындағы чемпионатта III тұғырдың биігінен көрінді. 2021 жылы наурыз айында Орал қаласында өткен республикалық V Жастар спорттық ойындарында үздік үштікті иеленді. Сонымен бірге, Қызылорда облысының құрметті азаматы Болатбек Сүлейменовті еске алуға арналған дзюдодан 1999-2000 жылғы жастар арасындағы VIII халықаралық турнирде қарсыластан басым болып, қола медальді жеңіп алды. Басқа да байрақты бәсекелерде Жылыойдың намысын қорғап, аудан абыройын асқақтатып жүр. Спортсүйер қауымға есімі етене таныс Мұратұлы Бекзат дайындықты үздіксіз жүргізіп, жаттығуды жүйелі жасаса, төгілген тер, етілген еңбек еш елеусіз қалмайтынын біледі. Бүгінде Бекзаттың бабын жасап, бағын жандыруға барын салып жүрген бапкері – Қуаныш Сүлейменов. Спортшының жарыстағы жарты жеңісі бапкеріне байланысты екені тайға таңба басқандай анық болса, бұл тұрғыдан Бекзаттың жолы болды. Тәжірибесі толысқан майталман маман да спортшы шәкіртінің қарым-қабілетінің басқадан басым екенін алға тартады. Ең бастысы, жеңіске деген құлшынысын, сол жолдағы жанкештілігін жоғары бағалайтынын жеткізіп, Бекзаттың спорт саңлағы атанатынына бек сенімді екенін баса айтты.

Спортшының серті – адалдық. Бекзат қай істе де адалдықты алғашқы орынға қояды. Үлкенге – құрмет, кішіге – ізет көрсетіп жүретіндігінен-ақ, отбасындағы тәрбиенің терең бұлағынан сусындағаны көрініп тұрады. Әрдайым көмекке ұмтылып тұратын елгезектігі замандастары мен ізбасарларына үлгі. Бекзат «Қай спорт түрін таңдасаң да, оның тарихына үңіліп, болашаққа бағдар жасау жеңіске жақындатады»- дейді. Бұл күндері Бекзат Мұратұлы дзюдодан өтетін Азия кубогына қызу дайындалуда. Біз жерлесімізге алтыннан алқа тағып, ел мерейін үстем етуіне тілекшіміз. Алдағы уақытта Бекзаттың бар қазақтың қалаулы ұлы болып, дзюдоның дарабозына айналатынына сенім мол!

Әйгерім ШАҒАТАЕВА,

11-сынып оқушысы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521