Дзюдо күресі дамуда

Жылыой ауданына 90 жыл толуына орай аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен спорттық шаралар жалғасын табуда.

Жақында №19 мектепте ауданда самбо, дзюдо күресінің дамуына 30 жыл толуына орай және «Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері» төсбелгісінің ауданымыздағы тұңғыш иегері Асан Раушановтың құрметіне 2005-2006 жылы туған жасөспірімдер арасында дзюдодан облыстық ашық турнир өтті. Оған Ақтөбе облысы, Атырау қаласындағы №1 олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдердің мектебі, №3 балалар жасөспірімдер спорт мектебі және облысымыздағы барлық аудандардан келген 13 командадан 160-қа жуық спортшы қатысты.

Асан Сайынұлы 1964 жылы 25 қарашада Гурьев облысы, Қызылқоға ауданы, Амангелді кентінде дүниеге келген. 1971 жылы Шоқпартоғай ауылындағы А.Жданов атындағы орта мектепте білім алған. Мектеп қабырғасында жүріп күрес секциясына қатысып аудан, облыс жеңімпазы атанған. 1982 жылы қазіргі Х.Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің жаңадын ашылған спорт факультетіне түсіп, 1988 жылы ойдағыдай оқуын бітірген соң өзі оқыған мектебіне дене тәрбиесі пәні мұғалімі болып орналасты.

1989 жылы мектеп аудандық спартакиадада тұңғыш рет командалық бірінші орында жеңіп алған. Мектепте дене тәрбиесі мұғалімі бола жүріп самбо күресінен секция ұйымдастырып, еңбекақысына күрес кілемін сатып алады. Сол кездің өзінде көптеген шәкірттері облыс, республика және одақ дәрежесінде өткен жарыстарда топ жарды.

90-жылдары Шоқпартоғай ауылында «Бәйтерек» палуандар мектебін құрып, сол жерде ауыл балаларын спортқа баулыған. Шәкірттері Аманбек Қощанов, Ж.Қиянов, Н.Ешібаев, С.Қосжанов, Қ.Нұрхатов, Б.Қайыржанов, А.Есенғожиндер көптеген республика, Одақ деңгейінде өткен жарыстарда жүлделі орындар алды. Әкесі, ғалым-зоотехник Сайын Есенғожинды еске алу мақсатында және жасөспірімдердің шеберліктерін шыңдауға арналған самбо, дзюдо күрестерінен түрлі деңгейдегі жарыстар ұйымдастырып келеді. Еңбек жолында әр жылдары аудандық жастар, туризм және спорт бөлімі меңгерушісі, аудандық балалар, жасөспірімдер спорт мектебінің директоры, Атырау қалалық дене шынықтыру және спорт бөлімі бастығы, облыстық туризм, дене шынықтыру және спорт басқармасы бастығы, Атырау облыстық дзюдо федерациясы қоғамдық бірлестігінің президенті болып қызмет етті. Жұмыс жасай жүріп жаттықтырушылықты тастамай жас палуандарға білгенін үйретіп келеді.

1978-1992 жылдары Атырауда еркін күрес, қазақ күресі, самбодан облыс жеңімпазы, бірнеше республикалық жарыс жүлдегері. 2003 жылы Республикалық спорт Агенттігінің алғыс хатымен, 2008 жылы «Қазақстан Республикасының құрметті спорт қайраткері» атағы төсбелгісімен, 2011 жылы Қазақстан Республикасының 20 жылдық мерейлі медалімен, 2015 жылы «Динамо»-ның 90 жылдығы қарсаңында, «Динамо» қозғалысын сіңірген ерен еңбегі үшін орденімен және әр кездерде басқарма басшыларының, спорт қоғамдарының, қала, облыс әкімдерінің алғыс хаттарымен марапатталған. Күні бүгінге дейін жастарды спортқа баулып, жақсы спортшы ғана емес жақсы азамат болып өсуіне күш салып келеді.

Турнирдің ашылу салтанатында ҚР гимні шырқалды. Аудан әкімінің орынбасары Жантөре Рашев турнирге қатысушыларға сәттілік тілеп, Асан Сайынұлының иығына «Жылыой дзюдосына 30 жыл» деген жазуы бар кимоно жапты. «Шәкіртсіз ұстаз тұл» дегендей жарыстың бас төрешісі ҚР парадзюдодан бас жаттықтырушы, Атырау облысындағы халықаралық дәрежедегі экстра-класс төреші Жандос Қиянов А.Раушановтың шәкірттерінің атынан құттықтап, турнир иесіне шапан жапты. А.Сайынұлының мектепте бірге оқыған құрдастары Айша Білбаева мен Ұлмекен Сәрсенбаевалар №3 мектеп ұжымы атынан марапаттау хаты мен естелік сыйлық табыс етті. Дүбірлі додаға джиу-джитсу күресінен әлем чемпионы Тыныс Бисалиев, Атырау облысында джиу-джитсу күресінің негізін қалаушы, ҚР спорт шебері Айбар Есенғалиев, аудандық мәслихат депутаты Салтанат Құлымжанқызы, аудандық дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы Сансызбай Кеңесұлы, ҚР білім саласының үздігі Бекболат Сәрсенғалиев, Атырау облысы бойынша әр салада қызмет етіп жүрген бір топ шәкірті қатысып, өз тілектерін жеткізді.

Жарыс нәтижесінде +66 кг салмақта белдескен жылыойлық Дияс Бекырза қарсыластарын түгелдей тізе бүктіріп, чемпион атанды. №2 балалр жасөспірімдер мектебінен 29 кг салмақта белдескен Е.Нұрмаш 1-орынды иеленсе, №3 балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінен С.Маратұлы 2-орын, ал П.Сансызбай 3-орынды еншіледі. Сонымен қатар 35 кг салмақта Нариман Құттыбай, 32 кг салмақта Ақылбек Ербөбектер 3-орынды қанжағаларына байлады. Жеңімпаздарға ұйымдастырушылар атынан марапаттар табыс етілді.

Қ.Нұртайұлы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521