ЧХУНЧХОНДАҒЫ ЖЕҢІС

Кореяның төрінде таэквондодан өткен халықаралық турнирде қос жылыойлық жүлдеге ілікті. Марғұлан Айтжан алтыннан алқа тақса, Күмісқали Майлаш күміспен қанжығасын майлады. Жерлестеріміздің жырақтағы жат елде көк туымызды көкке желбіреткені көңілімізге қуаныш ұялатты. Турнир 10-14 шілде аралығында Оңтүстік Кореяның Чхунчхон қаласында өтті. Әлемнің түкпір-түкпірінен болашағынан зор үміт күттіретін таэквондашылар бақ сынап, медаль жиынтықтарын сарапқа салды. “CHUNCHEON KOREA OPEN 2024” халықаралық турниріне бас-аяғы 2500-ге жуық спортшы қатысты.

Кадеттер арасында 37 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен Марғұлан Айтжан кездескен қарсыластарының бәрін ұтып, жолындағыны жеңді. Атап айтқанда, алғашқы кезеңде моңғолиялық таэквондошыны, келесі екі кездесуде жарыс қожайындарын тізе бүктірді. Ақтық сында өзге облыстан келген отандасымызды да жеңіп, марапаттау тұғырының ең биігінен қол бұлғады.

Күмісқали Майлаш жасөспірімдер арасындағы 31 келіде бақ сынады. Жеңіске ұмтылған жеткіншегіміз алғашқы кездескен кореялық 4 қарсыласынан басым түсті. Тек ақтық айқаста ғана жергілікті жас таэквондошыға есе жіберіп алды. Осылайша Күмісқали тағы да атына заты сай болып, күмістен алқа тақты. Осыдан бұрын болған ел біріншілігінде де жерлесіміз екінші орынды иеленген еді.

Екеуі де – аудандық №1 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті. Қос жүйріктің жаттықтырушылары Азамат Нұржанов пен Нұрадин Жолдасов жас таеквондышылардан үлкен үміт күтіп отырғанын жеткізді. Алдағы уақытта бұдан да айтулы турнирлерге баптап, Жылыой жұртын жеңіспен қуантамыз деген ниетте.

Иә, спорттағы соңғы буын жастардың бүгінгі аяқ алысы жаман емес. Жеңілгенінен, жүлдемен қайтқаны көбірек. Осы орайда, аудан спорты да одан әрі жанданып, ел сүйсінер толағай табыстарға жете берер деген сенімдеміз.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521