Боксшылар белесі

Жақында Атырау қаласында бокстан Қазақстан чемпионатына іріктеу есебінде облыстық турнир болып өткен-ді. Онда қарсыластарымен былғары қолғап түйістірген жылыойлық жасөспірімдер де мықты өнер көрсетіп, қанжығасы бос қайтпады. Ел біріншілігіне жолдама алып, көптің көзіне түскендер де болды.

Аталған бәсеке 2007-2008, 2009-2010 жылы туған жасөспірімдер арасында өтті. Бұл жарысқа алты аудан мен қаладан 14 салмақ дәрежесі бойынша спортшылар қатысты. Оған аудандағы барлық балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірттері келді десек те болады. Талас пен тартысқа толы турнирдің қорытындысымен Дәулет Шыңтас пен Қуанышбек Оңдаш қола медальды иеленсе, Бейбарыснұрмади Бітімбай мен Ниязбек Жүсіп күміспен күптелді. Білікті былғары қолғап шебері екенін рингте тағы бір мәрте дәлелдеген Дәулеткерей Ахмет алтыннан алқа тақты. Жылыойлық жаттықтырушылардың бірі - Жәнібек Әжібай:

- Турнир жоғары деңгейде өтті. Кіл мықтылар жиналған. Себебі, облыстың намысын қорғайтын боксшылар осы іріктеу ойынында шешіледі. Шәкірттеріме дән ризамын. Жылдар бойы төккен терінің жемісі рингте ақталды. Бірақ, алда көптеген жаттығулар күтіп тұр. Мықты спортшы болу үшін тынбай еңбек ету керек. Біз сол жолда шәкірттерімізден бар білгенімізді аямаймыз,-дейді ол өз сөзінде жарыс туралы ойымен бөлісіп.

Алдағы уақытта алтын алған жерлесіміз облыстың намысын қорғап, ұлттық құрама сапына ілігу үшін барын салмақ. Ол үшін бүгіннен бастап оқу-жаттығу жиынын бастап та кетті. Өзге де жасөспірімдер келер жылы одан әрі шыңдалып, үлкен жеңісті жетістіктерге жетеді деген сенім мол. Ал, Дәулеткерейге келсек, келешектегі ел чемпионатында дәулеті тасып, ол турнирде де өзінің мықтылығын Қазақ еліне дәлелдер деген үміт бар. Онда да алтыннан алқа тағып, болашақта күллі әлем көз тіккен дүбірлі додаларда көк туымызды көкте желбіретсін деп тілейміз.

Е.АХМЕТКӘРІМОВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT