Боччадан инклюзивті турнир өтті

«Біз де Адамбыз» қоғамдық қорының қолдауымен мүмкіндігі шектеулі жандар арасында бочча спорт түрінен аудандық турнир өтті. Аталған спорттық шара инклюзивті қоғам құру, ерекше қажеттіліктері бар азаматтардың белсенді өмір салтын ұстануына жағдай жасау және олардың әлеуетін ашу мақсатында ұйымдастырылды. Спорттық сайысқа Атырау қаласынан келген бір команда және ауылдық округтерден жиналған командалар қатысып, өзара бақ сынасты.

Жалпы саны 8 команда өзара сынға түсіп, қатысушылар нағыз командалық рух пен табандылықтың жарқын үлгісін көрсетті. Іс-шара барысында Құлсары қаласы мүгедектер қоғамы бірлестігінің басшысы Еңсепов Ернар Қайратұлы сөз сөйлеп, мұндай жарыстардың қоғам үшін маңыздылығына тоқталды.

- Жүйелі жаттығулар мен спорттық сайыстар параспортшыларды одан әрі шыңдап, олардың төзімділігін арттырып, рухын қайрайды. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ерекше қажеттіліктері бар азаматтарға қолдау көрсету және кедергісіз орта қалыптастыру мәселелеріне әрдайым баса мән беріп келеді. Бұл – мемлекет пен қоғам алдында тұрған маңызды міндеттердің бірі. Біз ерекше спортшыларды даярлау және жаттықтырушылар құрамын күшейту бағытындағы жұмысты жалғастыра береміз. Ауданымызда боччаны дамытудың негізгі екі бағыты айқын десек болады. Біріншісі – параспортшыларды қолдау және олардың облыстық және ірі халықаралық жарыстарға қатысуын қамтамасыз ету. Екіншісі – мүмкіндігі шектеулі азаматтардың ортаға бейімделуіне ықпал ететін инклюзивті спорттық ортаны дамыта беру, - деді ол.

Бочча – паралимпиадалық спорт түрі ретінде әлемде кеңінен танылған, дәлдік пен стратегиялық ойлауды талап ететін ерекше ойын. Аталған сайыс түрі 1984 жылы Паралимпиадалық ойындар бағдарламасына енгізілген. Қазақстанда алғаш рет 2018 жылы негізі қаланып, қарқынды дамып келеді. Қазіргі таңда бұл спорт мүгедектігі бар азаматтардың, әсіресе, балалар мен жастардың арасында үлкен қызығушылыққа ие. Бочча спорты мүмкіндігі шектеулі жандарға тең жағдайда жарысуға мүмкіндік беріп, олардың физикалық және психологиялық әлеуетін дамытуға зор ықпал етеді. Сонымен қатар бочча арқылы қатысушылар өздеріне деген сенімділікті арттыра отырып, қоғам өміріне белсенді араласуға жол ашады.

Жарыс барысында қатысушылардың бір-біріне қолдау көрсетуі мен командалық бірліктің жоғары деңгейде тартысты ойын ұйымдастыруы турнирдің ерекше атмосферасын қалыптастыра түскендей әсер қалдырды. Турнир қорытындысы бойынша ауданымыздан бақ сынаған «Қыран» командасы үздік нәтиже көрсетіп, бас жүлдені жеңіп алды. Бұл сайыста бастысы жеңіс емес, әр қатысушының өзін-өзі жеңіп, жаңа белестерді бағындыруы әдемі сайыс көрсетуі арқылы көрініс тапты десек қателеспейміз. Бұл жеңіс спорттық жетістікпен қатар ерекше жандардың мүмкіндіктері шексіз екенін дәлелдейтін маңызды символдық мәнге ие болды. Қаламыздың орталық стадионында өткен бұл аудандық турнир ерекше жандардың спорт арқылы өзін танытуына, қоғаммен етене араласуына және белсенді өмір салтын ұстануына жасалған маңызды қадам. Мұндай бастамалар олардың өмір сапасын арттырып қана қоймай, қоғамдағы түсіністік пен бірлікті күшейтуге де зор үлес қоса бермек.

А.Ерденқызы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT