«Толағай» отбасылық жарысына қатысайын деп асығып келе жатқан баланы тоқтатып, «Отбасындағы құндылықты қалай түсінесің?» деп сұрақ қойғанымда, ол: «Ата-анамның бізге көңіл бөлуін, соның арқасында әрқашан мықты команда болып жүруімізді құндылыққа жатқызамын» деп жауап берді.
Расында да, қазіргідей қарбалас заманда отбасымды асыраймын деп айлап үй көрмейтін ата-аналар үшін әрқашан балаларының жанынан табылу бүгінгі басты құндылық болып тұр. Соған қарамастан «Барымша баламның мектептегі, балабақшасындағы жиналыстарына барамын, шараларына қатысамын» деп тырысып жүретін әкелерді көргенде ішің жылып қалады.
Психологтардың өзі ата-ананың әр балаға бірдей көңіл бөлінуін қолдайды. Әсіресе команда болып қатысатын отбасылық сайыстардың ел ертеңінің психологиясы үшін өте пайдалы екенін жарыса жазуда. Өйткені дәл сол уақытта олар үлкен команда болады, бірін бірі қолдайды, өзара байланысты күшейтеді. Жеңіске жетсе бірге қуанып, жеңілсе бірге мұңаяды. Мұндай эмоциялар сөзсіз отбасының құндылығын арттырады.
Аудандық Жастар ресурстық орталығы ұйымдастырған «Толағай» жарысы, міне, осындай отбасылық құндылықты дәріптейтін тәрбиелік мәні зор шара болды. Бұл сайысты ауданның аналар кеңесі мен аудандық Балалар-жасөспірімдер спорт мектебі қолдап, өте жоғары деңгейде өтуіне атсалысты.
Нәтижесінде сайысқа Құлсары қаласы мен ауылдық округтерден барлығы 8 команда қатысып, тартысты ойын үлгісін көрсетті. Әр команда отбасы мүшелерімен бірге өздері таңдаған түс бойынша бірдей футболка киіп шығып, сайыстың 6 түрлі шартын бұлжытпай орындауға тырысып бақты. Тартысты өткен жарыстың жеңімпаздарын анықтау да оңай болған жоқ. Десек те, «жеңілгенді жер көтерді», нағыз мықтылар анықталды.
Сайыс қорытындысында ажырамас бірліктің үлгісін көрсете білген «Бірлік» командасы 1-орынға лайық деп танылды. «Жеңіс» командасы да жеңістің биік тұғырынан көрініп, 2-рынды қанжығасына байлады. Ал өзгелерден мықтылығын дәлелдеген «Барыс» командасы 3-орынды иеленді.
Перизат ТҮРКЕНБАЙҚЫЗЫ