Белгілі спортшы, кәсіпқой боксшы Қанат Ислам: "Мен үшін елдің намысынан артық ештеңе жоқ..."

Аудан әкімі Азамат Бекет аудан жастарымен кездескен кезде жас қыз-жігіттер күтпеген бір өтініш, тілек айтқан болатын. «Біз әлемге әйгілі қазақ, кәсіпқой боксшы Қанат Исламмен кездескіміз келеді» дескен.

Байқағандарыңыздай, «қазақ» деген сөзді «кәсіпқой боксшы» деген сөзден бұрын жаздық. Бейжің Олимпиадасында Қытай мемлекеті атынан шыққан қазақтың қарадомалақ баласының Қазақстанның көк туы көкке көтерілгенде жүрегі жарылардай қуанғаны, Бақыт Сәрсекбаевпен бетпе-бет кездеспеу үшін қасақана жеңілуі –осының бәрі оның ұлтжандылығын айна қатесіз танытып, миллиондаған қазақтың жүрегінде жатталып қалған. Аудан әкімі Азамат Бауыржанұлы жастардың тілегін көпке созбай орындады. Ауданымызға дәл жастар мерекесі тойланатын күні Қанат Ислам келді. Жастарға мерекелерінде бұдан артық қандай тарту болсын!?

Ауданымызға келген атақты былғары қолғап шебері кең залда жастармен кездесіп, емін-еркін сұхбаттасты. Кездесуге аудан әкімі Азамат Бекет, аудан әкімінің орынбасары Фарида Ахметовалар қатысты. Кездесуді аудандық жастар ресурстық орталығының басшысы Марат Қабиденов жүргізіп отырды. Шағын ғана орта бойлы, талдырмаш, бірақ киіктің асығындай шымыр қараторы жігіттің қарапайымдылығы тәнті етсе, көкірегі сәулелі, сұңғыла білімділігі, қазақ сөзінің мәйегіне қанып өскен шешендігі сөз саптасынан байқалып тұрды. Залдағы жастар алуан түрлі сұрақтар қойып, боксшы оларға жауап берді. Сол сұхбаттан үзінділер берейік.

Қанат ИСЛАМ: Бекзат Саттарханов ағамыз көк туымызды көкке көтеріп, барлық қазақ балаларының жүрегіне от жағып кетті. Астанадағы жекпе-жекте қабырғам сынды, қабағым жарылды. Сондайда еліңнің намысын ойлағанда жарақаттарыңды ұмытып кетесің. Осындай асқақ сезімдермен елге келгенде кейбір нашақор, бұзық қазақ жастарын көріп, қиналасың. Неге осылар ел намысын қорғап жүрген спортшы ағаларына еліктемейді деп толғанасың. Көшеде біреудің басын жарып жүрген жастар олардың өз қандасы екенін неге ойламайды? Армандарыңыз асқақ болсын!

.Мен Алтайда туып-өстім. Алтай – ежелгі қазақтың мекені. Батыр бабаларымның ерлігін, тарихын жаттап өстім. Сол бабаларым секілді көптің бірі емес, бірегейі боп туған еліме келуді армандадым. Елің болмаса, сен жетім бала секілдісің. Ондай халықтарды да көріп жүрміз. Біздің ата-бабаларымыз сол жетімдікті көрді, содан соң енді ұрпағымыз, яғни біз сол жетімдікті көрмесін деп атқа қонды. Осы залда отырған әрбіреуіңіздің ата-бабаларыңыз жауға шапқан батыр, бірі мыңбасы, бірі онбасы болған. Ендеше, батырлық, елімді, жерімді қорғаймын деген ұлтжандылық әрқайсымыздың қанымызда бар.

Бірде жеңілесің, бірде жеңесің. Халықаралық жарыстар болған соң әртүрлі құйтырқылықтар болатыны да жасырын емес. Әділетсіздік көріп, жаситын кез де болады. Бірақ соның бәріне мойымау, қиындықпен күресе білу- азаматқа үлкен сын.

Бейжіңде Бақыт Сәрсекбаевпен кездеспеу үшін 3-орынды місе тұттым. Себебі Олимпиадада қазақтың көк туы желбірегенде өзім чемпион болғандай қуандым.

Патриотизм мен жалған патриотизм дейсіз бе? (Залдан сұрақ қойған бір жасқа жауап бергенде). Мәселен, өз балаңа «айналайын» дегенде шын жүрегіңмен еміренесің, ал танымайтын біреудің баласына «айналайын» дегенде жәй ғана айта саласың. Жалған патриотизм деген сол өтірік айта салған сөзбен тең. Патриотизм деген-еліңді туған перзенті сүйгендей сүйе білуің. Әр адам өз елінің тарихын, бабаларының батырлығын білсе, ұлтжанды болады. Нағыз қорқақ өз үйінде інісін, көршісінің баласын ұрады. Сен батырсың ба-онда еліңді қорға! Күшің тасып бара жатса, рингке шық! Сол жерде еліңнің намысын қорғап, күшіңді таныт!

.Халқымның сапасы мықты болғанын қалаймын. Тұла бойында қазақтың қаны бар адам туған еліне қалайда келеді. Ал біздің көптеген шетелдегі, Қытайдағы қандастарымыз елге кел десе, келмейді. Бірде шетелде тұратын бір қазақ танысым әңгіме айтқан. «Сапарлап Түркістан қаласына бардым. Сонда вокзалдың қасында бір қазақтың ескі Жигулиінен аяғын шығарып қойып, «Қайда апарайын? Жеткізіп салайын» дегені бар. Сонда «Шіркін-ай, анау кісінің орнында мен болып, тіптен бір есек арбам болса да, «Қайда апарайын? Жеткізіп салайын ба?» деп туған елімде шалжиып отырсам арман бар ма? деп ойлағанмын»,- деп еді. Біреулер жерде жатқан қоқысты алуға, көше сыпыруға арланады. Мен боксшы болмағанда тіптен осы кәсіпті атқарсам да арланбас едім. Себебі мен Ресейдің не Қытайдың жері емес, өз жерімді, өз қазағымның жерін, өз елімнің жерін сыпырып жатыр емеспін бе?

Мен өскен Алтайда аудан көп. Әр ауданда қазақтар тұрады. «Қаратаудың басынан көш келеді» деп әнде айтылатын Қаратау бар емес пе, сол Қаратаудан Ертіске жеті өзен құяды. Кішкентай күнімізде батыр бабаларымыз туралы керемет ертегілер тыңдайтынбыз. Сол тәлім-тәрбиенің әсерімен әлемде қазақтан батыр ел жоқ деп өстік. Сол рухы асқақ елдің атынан жарыстарға шығамыз.

Бойымдағы кемшілік дейсіз бе? (Залдан қойылған сұраққа жауап) «Неге мен Олимпиада чемпионы бола алмадым?» деген сұрақты өзіме қойып, көп ойланамын. Бақтияр Артаев, Бақыт Сәрсекбаевтармен бірге жаттығу жасап жүрдім. Сонда олардың еңбекқорлығына тәнті болатынмын. Таңалакеуімінен тұрып, жүгіретін. Сол еңбекқорлықтың арқасында олар биікті бағындырды. Олар менен артық тер төкті. Мен 2 сағат жаттықсам, олар 3 сағат жаттықты. Кітапты 2 сағат оқығаннан кейін телефонға шұқшиып кететін де кездерім болады. Кей кездері жалқаулаумын. Әйтсе де мен үнемі ізденістемін. Қазір ағылшын тілін терең меңгеруге күш салып жатырмын.

Мен осы Құлсары қаласына келген соң аудан әкімі Азамат Бекетпен сөйлестім. Аудан әкімінің спортты дамытуға қатысты көптеген жоспарлары бар. Спорт зал да, басқасы да болады. Ұлтты, жастарды тәрбиелеу керек. Осында келген мақсатым- соған көмектесейін деп келдім. Әр жас өзіне айнаға қарағандай қарауы керек. Кітапты көп оқуы керек.

Залдан сұрақ: - Жастар спортпен айналыс десең, «стадион жоқ» деп немесе басқадай сылтаулар айтады. Бұған не дейсіз?

- Спортпен қаласа, әркім өз үйінде отырып та айналысуға болады. Ұстазымның «спортшы боламын десең, сылтау айтпа» деген тәлімі бар еді. Аудандарыңызға жақсы әкім кеп жатыр. Жастардың жүрегіне от жағып, жастар біздерге ұқсасын деп бізді шақырып жатыр. Мен мың түрлі түрлі сылтау айтсам, осы жерге келмеген болар едім. Сондықтан мәселені спорт залға тіреу - жай сылтау ғана.

Залдағы бір апайдың сұрағы: -Немеремді бокс секциясына бердім. Бірақ мұрны қанап, жарақат алып жатқандарды көргенде қорқамын. Боксқа бергенім дұрыс па әлде...

- Мен атам мен әжемнің баласы болдым. Кейде жасөспірім кезімде жарыстан келгенде еркелегім келген кездер де болды. Біреудің жарақатымды көріп, мүсіркегеніне көңілім босай бастайтын. Сонда анам «Ей, сен езсің бе әлде ер жігітсің бе?» деп қайрайтын. Осындай асылтекті аналардың арқасында қазақтың небір батыр ұлдары дүниеге келіп, шыңдалып өскен. Көшеде таяқ жеп жарылған бас пен еліңнің туын көтеремін деп жарылған бастың жөні әрбөлек түсінген жанға.

Залдан сұрақ: - Жастар қылмысқа неге жиі барады? Мәселен, Денис Теннің өліміне қатысты оқиға...

- Бұл бәрімізге ауыр тиді. Бір-біріміздің өміріміз үшін жауапкершілік дегенді ұқтырды. Қазақта «Бір қарын майды бір құмалақ шірітеді» деген сөз бар. Кейбір санасы таяз, көкірегі соқыр жастар бар. Осы жастардың ата-анасы тәрбие беруі керек. Өзім де ұл-қыз өсіріп отырмын. Арнайы мұғалім жалдадым. Балаларымды қазақ тілінде сөйлеуге, ерте тұруға, даладағы қоқысты арнайы ыдысқа салуға, арзан нәрсеге елікпеуге үйретіп жүрмін.

Залдан сұрақ: - Келесі қарсыласыңыз кім болмақ? Геннадий Головкинді сізден мықты дей алмаймыз.

- Геннадий қазақтың бірі емес, бірегейі дер едім. Біз оның әр жеңісіне қуанамыз. Генадан үлгі аламыз. Осы жолғы жекпе- жегіне сәттілік тілеймін. Қанат Исламның жастармен кездесуінде айтылған сөздерін қал-қадерімізше жариялауға тырыстық. Жастар Қанат ағаларына өлең де арнаған екен. Сол арнау өлеңдерін оқып берді. Диана Ізбасар сынды қаракөз қарындасының өзіне арнаған өлеңіне алғысын айта отыра, Қанат бауырымыз тебірене сөйлеп кетті: «Баяғыда бабаларымыз екі-ақ жағдайда атқа қонған екен. Бірінші, қазақ қызының намысы үшін,екінші, жері үшін. Қазақта жер дауы, жесір дауы аса маңызды болған. Мынадай қазақ қыздары халқымыздың намысы үшін күрескен. Осындай қарындастарымыз жалындата өлең оқып тұрғанда, залда сұрақ қоюға да батылы жетпей отырған жігіттер де бар»,-деп жымиғанда жігіттер жағы қозғалақтап қалған. Бұл, әрине, атақты боксшының бозбалаларды қайрауы екенін ұқтық. Намыстанған олар сұрақты жаудырды. «Қанат Исламның кездесуінен жастар қандай ой түйді?» деген сұраққа жауап іздесек, оның бойындағы елін жан-тәнімен сүйген патриоттық, елжандылық, ұлтжандылық қасиетті көріп, әр жылыойлық жас үлгі алғандай болды. Осындай кездесуді ұйымдастырған аудан әкімі Азамат Бекетке жастар алғыстарын айтты. Әйгілі спортшымен бірге суретке түсіп, қолтаңба алғысы келген жұртшылық та мол болды.

С.ТӘЖІҚЫЗЫ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521