Көктемнің көкше самалын жарып, кең далада дүбірлеген дүние қайта тірілді. Күн шуағымен нұр шашып, көк майсада тұлпар тұяғының дүбірі жүректі тербеп, ел еңсесін көтеріп өтті. Бұл – соғыс ардагері Кәрім Үмбетовті еске алуға арналған жай ғана дода емес, бұл – бабалардан қалған бәйге рухының жаңғырығы еді. Қанында қайсарлық, көзінде от ойнаған жүйріктер бірінен-бірі озуға талпынып, тұлпар мен текті ұрпақтың көк байрағын желбіретті.
Иә, Жеңістің 80 жылдығына орай елінің ертеңі үшін от пен оқтың ортасынан оралған Ұлы Отан соғысының ардагері Кәрім Қалышұлының рухына тағзым ретінде ұлы жолдың бойындағы Бүркіт төбе бәйге алаңында батырдың ұрпақтары аламан бәйге ұйымдастырды.
1924 жылы бұрынғы Гурьев (Атырау) облысы, Бақсай ауданында дүниеге келген майдангер 1942 жылы 18 жасында соғысқа аттанып, 391-жаяу әскер полкі құрамында Сараева, Белград, Будапешт пен Вена қалаларын азат етуге қатысқан. Жауынгерлік жолында екі рет ауыр жараланып, "Ерлігі үшін" медалімен марапатталған ер жүрек жауынгер соғыстан кейін бейбіт еңбекке араласып, байланыс саласында ұзақ жылдар тер төкті.
Аламанға еліміздің түкпір-түкпірінен тұлпарлар қатысып, бақ сынап көрді. Атап айтар болсақ, Алматы, Қостанай, Жамбыл, Ақтөбе, Атырау, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарынан 80-ге жуық үміткер келді. Аттың жалы, ердің рухы қатар шапқан сол күн – естелік пен елдікке толы ерекше сәт болды. Таңғы самалмен бірге бәйге алаңына жиналған жұрт, ең алдымен, құран бағыштап, ардагер Кәрім Үмбетовтің рухына арналған аста бас қосты. Ақ дастархан басында ауыл ақсақалдары батасын беріп, естеліктерімен бөлісті. Осыдан соң көптен күткен көк майса төсін дүбірге бөлеген бәйге де басталды. Төрт кезеңнен тұратын жарыс елдің делебесін қоздырып, «жүзден жүйріктердің» жарысына айналды.
Алғашқы болып шапқан 22 тайдың дүбірі даланы жаңғыртты. Жас шабандоздардың қайсар мінезі мен жылқының табиғи тектілігі көрерменнің жүрегін тербетті. Мәрені алғашқы болып Сағыз ауылының «Айхайын» тақымына қысқан Алдияр Ердос шабандоз кесті. Күміс жүлдені боранқұлдық Амангелді Шалтаевтың «Қаршығасы» иеленді. Үздік үштікті Сам ауылынан келген Ермұхан Байсейітовтің «Жұмбақ» атты тұлпары түйіндеді.
Жасы толып, қанаты қатайған құнандар да бұл жарыста өз мықтыларын бәйгеге қосты. 21 жануардың бағы мен бабы сынға түсті. Нәтижесінде, бейнеулік Айтбаевтар әулетінің «Әселі» үшінші болып мәрені кессе, тұрғызбалық Асқар Дәрішовтің «Балқиясы» бірінші орынды Қызылқоға ауданынан келген Еркін Қосаевтың «Фортунасына» беріп қойды.
Қызықтың көкесі аламанда басталды. Даланың төсін дүбірлеткен додада 26 тұлпар шапты. Ауыздығымен алысқан арғымақ пен шабандоздың төзімі сынға түскен, жүйке мен жігер тартысқан кезеңде үміт пен үдеріс қатар шапты. Осы сәтті асыға күткен қалың жанкүйер де қиқуға салып, ат үстіндегі балаларды жеңіске жігерлендірді.
Сегіз айналымға созылған аламан бәйгеге тігілген байрақ та қомақты еді. «Лада Гранта» маркалы жеңіл автокөлік қай шабандоздың тақымына бұйырар екен деп жұрт асыға күтті. Ақыры ауыздығымен алысқан арғымақтар мәре сызығын кесіп өткенде жанкүйер жұрттың да делебесі қозып, қиқуға басты. «Жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» шығатын шын жүйрікті анықтайтын аламан қай-қай жануарға да оңайға соққан жоқ.
Нәтижесінде Жаңаөзеннен жарап келген Роман Құдайбергеновтің «Айфон» тұлпары қола жүлдені місе тұтты. Ал құрманғазылық Айбек Аманжанның «Секреті» мәреге екінші болып келіп, күміспен күптелді. Ал көптің көз тіккен басты жүлдесі – І орын алыстан ат арытып жеткен алматылықтарға бұйырды. Алатау баурайында тұратын Үмбетовтер әулетінің осы аламанға деп арнайылап баптаған «Асқар тау» атты тұлпары мәре сызығын бірінші болып кесіп өтіп, ат иесін зор қуанышқа кенелтті.
Аламаннан кейін болған мүшел бәйге де тартысты өтіп, қосшағылдық Жасталап Танкиевтің «Жерсұлуы» басты жүлдені иемденіп, өзінің шапшаңдығын тағы бір дәлелдеді.
Бұл бәйгеде қызықты сәттер де көп болды. Сондай бір ерекшелік – тай жарысында Медина Сүйін атты қарындасымыз тұлпар тізгінін ұстап, ер балалардан қалыспай қатар шапты. Қазақтың қаракөз қызының атқа шабысы көптің көңілінен шығып, зор қошеметке ие болды. Ұйымдастырушылар да мәрттігін танытып, ержүрек қызға шаппай бәйге беріп, 100 мың теңгелік ақшалай сыйақыны ұстатты. Қиқулай кеткен халықтың қошеметінен жүрегі елжіреп, жанарынан жас іркілген 15 жасар Медина:
- 6 жасымнан бастап тізгін ұстадым. Өзімнің Мұрат деген нағашы ағам бала кезімнен баптап, осы бәйгеге қосылуыма үлкен себепкер болды. Астымдағы «Қыран» тұлпарым 8 жасымнан бері өзіммен бірге. Жылқы жандай дос секілді барлығын түсінеді, түйсінеді. Кішкентай кезімнен аттың құлағында ойнағанды жақсы көремін. Жүлдесіз қайтқаныма іштей күйініп бара жатыр ем, сыйақы берген ұйымдастырушыларға рахмет. Ал, қолдау білдіріп, қол соққан ағайынға алғысым шексіз,-деді өз сөзінде.
Қазақ үшін бәйге тек жарыс емес, тәрбие мектебі, тарих парағы. Ал ел мен ердің осындай ұлы күндерде қайта қауышуы – ұрпаққа үлгі, тарихқа тағзым. Расында да, бұл жай ғана ат бәйгесі емес, бұл тарихпен тілдескен, ұрпақпен үндескен ұлық күн болды. Ардагер Кәрім Үмбетовтің есімімен ұштасқан бұл шара елдіктің мерекесі, рухтың серпілісі ретінде есте қалды. Шабандоздар мен бапкерлер, жүйрік пен жастың жігері, ұлттың ұмытылмас болмысымен астасып, ауылдың аспанын дүбірге толтырды. Аламанның әр сәті – салт пен сананың сабақтастығы. Ұлттың ұлы мұрасы – жылқыны дәріптеудің, елдің есінде ерлік пен еңбекті жаңғыртудың көркем көрінісі іспеттес болды.
Ұйымдастырушыларға алғыс айтқан жұртшылық бұл күнді рухани жаңғырудың жарқын сәті ретінде қабылдады. «Ер есімі – ел есінде» деген аталы сөздің астарын осы күні шын мәнінде жан-тәнімен сезінгендей болды.
Е.АХМЕТКӘРІМОВ