Таяуда Атырау қаласында ұйымдастырылған үстел теннисі турнирінде аудан жастары топ жарды. 9 команда қатысқан тартысты ойында үздік шығып, чемпион атанған жасөспірімдер аудан абыройын асқақтатты. Дүбірлі дода облыстық білім беру басқармасы балаларға қосымша білім беру оқу-әдістемелік және ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өтті.
«Балалар-жасөспірімдердің дене шынықтыру даярлық клубтарының» арасындағы сайыс 2008-2011 жылғы жасөспірім балаларды қамтыды. Жарыс шарты бойынша әр ауданнан 2 ұл, 1 қыздан тұратын команда қатысып, олар ортақ ұпай жинау арқылы бақ сынасты. Осындай жауапкершілігі мол облыстық біріншілікке ауданымыздан №15 мектеп оқушысы Гүлсезім Асқарбекқызы, №7 және №6 мектеп оқушылары Медеу Гайдар, Расул Төлешовтер қатысып, маңызды бәсекеде жүлделі І орынды иеленіп қайтты. Балаларының жеңісіне тақымын қысып отырған ата-аналар да қуанып, жаттықтырушылардың төбесі көкке бір елі жетпей, ауданның мерейі үстем болып, тағы бір деңгейге жоғарылады.
Балаларға салауатты өмір салтын ұстанып, шымыр болып өсуіне өз ықпалын тигізетін Жылыой Балалар-жасөспірімдер денешынықтыру даярлық клубы бүгінде өз еңбегінің жемісін көруде. Құрама командаға өз білгенін үйретіп, жарысқа дайындаған мұғалім-жаттықтырушы Досбек Қызылғұлов №15 мектептің дене шынықтыру пәнінің мұғалімі болып жұмыс атқарады. Облыстық біріншілік аясында ол:
-Байқау жоғары деңгейде өтті. Барлық қатысушылар өте жақсы дайындықпен келген. Қай команда болмасын, барлығы да чемпион атанғысы келеді. Ал, ауданның үмітін арқалап барған оқушыларым жаттығу кезіндегі ойынынан да асып түсіп, чемпион болу қолынан келетіндігін көрсетті. Мен оларға ризамын және алдағы сайыстарда тек сәттілік тілеймін, - деді.
Дүбірлі дода қорытындысы бойынша Жылыой Балалар – жасөспірімдердің денешынықтыру даярлық клубы ең үздік деп танылды. Ал ІІ орынды Құрманғазы ауданы иеленіп, ІІІ орынды Қызылқоға командасы қанжығасына байлады. Ал, қалған өзге ауданның сайыскерлері Алғыс хатпен марапатталды.
Д. ІЗБАСАРҚЫЗЫ