Баскетбол – ептілер сайысы

 

Жуырда қаламызда жасөспірімдер арасында баскетболдан ашық турнир өтті. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі ұйымдастырған сайыс №6 жалпы орта білім беретін мектептің спорт залында өткен еді.

Ашық турнирге Атырау және Маңғыстау облыстарынан келген командалардан барлығы 80-ге жуық балғын спортшылар қатысты.
Турнир аса тартысты өтті. «Спорт- денсаулық кепілі» екенін ескерсек, мұндай жарыстардың жасөспірімдердің дені сау, мықты да шымыр боп ержетуіне тигізер пайдасы зор-ақ. Баскетбол сияқты спорт түріне әдетте бойы сұңғақ та биік жандар таңдап алынады. Ендеше, жастардың бойы көрнекті, дене бітімі сымбатты боп қалыптасуына да баскетболдың тигізер әсері мол. Үлкен алаңда жас спортшылар допты межелі торға салуға бар шеберліктерін жұмсады. Әр команданың да турнирге тыңғылықты дайындықпен келгені байқалып тұрды.
«Жүйріктен жүйрік озар жарысқанда» демекші, оқ бойы алға озып шыққан командалар шын ептілік пен топтық бірліктің үлгісін танытты. Жеңімпаз командалар айқындалды. 2005-2006 жылы дүниеге келген жасөспірімдер арасындағы ойын нәтижесі бойынша III-орынды Бейнеу ауданы командасы иеленіп, II-орынды №8 мектеп командасы еншілесе, ал №2 БЖСМ командасы барлық бәсекелестерінен басым түсіп I-орынды жеңіп алды.
2007-2009 жылы дүниеге келген жасөспірімдер арасындағы ойын нәтижесі бойынша III-орынды № 8 мектеп командасы,II - орынды Махамбет ауданынан келген команда, I-орынды №2 БЖСМ командасы жеңіп алды.
Турнир соңында аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысының міндетін атқарушы Ә.Науаров жеңімпаздарды диплом және медальдармен марапаттады.

А.МОЛДАШЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT