Бас жүлдеге бір-ақ аттам қалғанда...

Алматыда дзюдодан кадеттер арасындағы Азия кубогінде жерлесіміз жарқын жеңістерімен қуантты. Болашағынан зор үміт күттіретін Гүлхан Шыңғысхан ақтық сынға дейін қарсылас шақ келтірмей, тек финалда ғана есе жіберіп, күміс алқаны иеленді.

Аталған жарыс Алматы қаласында 4-5 шілде аралығында өтті. Әлемнің тоғыз елінен 375 дзюдошы қатысып, ұл мен қыз балалар 7 салмақ дәрежесінде бақ сынап көрді. Оның ішінде 48 кг-да өнер көрсеткен Гүлхан қарындасымыз өзін жақсы қырынан көрсетіп, ә дегеннен қарсыластарын ес жиғызбай жеңіске жетті.

Алғашқы белдесуде қырғызстандық Алия Асанқанованы 6 секундта жығып түсіріп, иппонмен таза жеңіске жетті. Екінші турда көршілес жатқан өзбекстандық Саодат Қорабоеваның жауырынына жер иіскетті. Келесі кезеңде кадеттер арасындағы әлемдік рейтингте еліміздің нөмірі бірінші спортшысы саналатын Алина Ямашевамен кездесті. Ұлттық құраманың бірінші және екінші нөмірлі дзюдошыларының белдесуін көп көрермен қошеметпен қолдады. Алғашында вазаримен алға шыққан Гүлхан, кейіннен партерде ұстау әдісімен таза жеңіске жетті.

Жартылай финалда Жайықтың төрінен келген оралдық Гүлназ Ғалымжаннан 10:0 есебімен басым түсіп, ақтық айқасқа жолдама алды. Финал тартыс пен таласқа толы болды. Өзбекстандық Наргиза Дустматоваға қарсы кездесуде де жерлесіміз алғаш болып есепте алға шықты. Дегенмен белдесудің бел ортасында қарсыласы таразы басын теңестіріп, алтын алқаның иесі голден скорда анықталды.
Ақыры қосымша жетінші минутта болмашы жерден шидо алған Гүлхан Шыңғысхан бір аттам жерде тұрған бас жүлдеден қағылды. Дегенмен, әдемі белдесулерден кейін жылыойлық дзюдошы көптің көңілінен шығып, көрермен көзайымы атанып та үлгерді. Гүлхан бүгінгі күні аудандағы №1 Балалар-жөсөспірімдер спорт мектебінің тәрбиеленушісі. Жеке жаттықтырушысы Жаңылсын Көптілеуова да шәкірті жайлы өз ойымен бөлісті:

-Гүлхан болашағынан зор үміт күттіретін спортшы. Мен оны алдағы уақытта Олимпиада ойындарынан көргім келеді. Соған сенімім мол. Қазіргі кезде босаңситын уақыт емес. Алдымызда Азия чемпионатына іріктеу ойындары келе жатыр. Сол үшін қызу дайындық үстіндеміз. Бұл турнирде өте жақсы белдесті. Қойылған тактикадан ауытқымай, боз кілемде барын салды. Алтынның ауылы алыс емес. Жылыойды әлі талай жеңістерімен қуантатын боламыз,-дейді нық сеніммен Балуан Шолақ спорт кешенінің төрінде атой салған жерлесіміз одан әрі жігерленіп, тек Азия емес Әлем чемпионатында да қарсыласына есе жібермей, жеңіс тұғырынан көрінеріне сенімі мол.

Осындай жастарымыздың жеңісті жетістігі аудан спортына жаңа серпіліс берері сөзсіз. Осы жолдан таймаса, Атырау дзюдодан Әбибамыз бар деп мақтанатын болса, біз Гүлханымызды айтып бөркімізді аспанға атар күн де алыс болмас.
Ерназ Алтайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT