Бақ пен бап сынға түскен бәсеке

Аудан спорты дамып келеді. Демеушілер тарапынан да жас спортшылар үшін жағдай жасалып, көптеген турнирлер ұйымдастырылды. Солардың бірі - годзю-рю каратэ спортынан аудандық турнир өтті. Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған чемпионаттың өтуіне аудандық «Германиядағы Кеңес әскерінің тобы (ГКӘТ) мен Варшава Келісім шарты әскерінің тобы (ВКШӘТ)» қоғамдық бірлестігінің ардагерлері мұрындық болды. Қалалық ашық турнирге ауданнан 80-ге тарта спортшы қатысты. Ұл балалардан бөлек қыздар да екі салмақ дәрежесінде бақ сынап көрді. Орталық стадионның спортзалында ұйымдастырылған байрақты бәсекеде Айкөркем Асан, Айша Асан, Айсұлтан Болатпай, Дарын және Данияр Есенқосов, Нұрмұхаммед пен Әлнұр Қуанышұлы, Нұрнияз Қайыржан, Нұрдаулет Өмірзақов, Аяп Теміртас, Дәурен Төлегенұлы, Арман Төлеуішовтер алтыннан алқа тағып, чемпионаттың чемпионы атанды. Жалпы бұл спортшылардың барлығы аудандағы 4 спорт клубынан келген үміткерлер.

Атап айтқанда, Серік Шадманов, Абай Туекенов, Қуаныш Жалжанов, Оразалы Қалдыоразовтардың шәкірттері. Ең жас спортшының бірі Дарын Есенқосов:

- Бұл жеңіс мен үшін керемет әсер сыйлады. Ағайларыма көп рахмет айтамын. Ұйымдастырушыларға да алғысым шексіз. Болашақта ауданның атын шығаратын үлкен чемпион боламын. Сол жолда бар күш-жігерімді саламын,-деп өзінің қуанышымен бөлісті. Қ.Қарымсақов, К.Иманғалиев, М.Жұмабаев бастаған ардагерлер спортшыларды жеке өздері марапаттап, медальдарын мойнына тақты. Аудандық «ГКӘТ және ВКШӘТ» қоғамдық бірлестігінің басшысы Құттығай Ешібай: - Жеңімпаздардың барлығын шын жүректен құттықтаймын. Талас пен тартысқа толы турнирдің куәсі болдық. Болашақ чемпиондарымыз осындай бәсекелі ортадан шығады. Бұл жерде тұрған жас спортшылардың арасынан әлі талай көк туымызды көкте желбіретер ел ертеңі бар екені аян. Жаттықтырушыларға да өз алғысымды жеткізгім келеді,-деді ағынан жарыла.

Жалпы, ауданымызда қай спорт түрі болмасын белең алып келеді. Оның барлығы, салынған спорт мектептерінің оң ықпалы болса керек-ті. Дегенмен, әлі де болса жоғары дәрежелі спортшыларды дайындап шығаратын инфрақұрылым қажет-ақ. Каратэ олимпиадалық спорт түріне кірмегенімен, танымалдылығы жоғары. Әсіресе, Жапонияда сұраныс көп. Оған дәлел - 2021 жылғы Токио Олимпиадасының бағдарламасына алаң қожайындарының ұсынысы бойынша кірген еді. Ұлттық құрамамыз да әлемдегі мықты ұжымдардың бірі. Бүгінгідей турнирлер көп ұйымдастырылса, қатарына жылыойлық жас өрендер де қосылары сөзсіз.

Е.Алтайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT