Ауылдағы ауыр атлетика

Шоқпартоғайда спорттың күрес түрінің жақсы дамып келе жатқандығын жұртшылық жақсы біледі. Биылдан бастап мұнда ауыр атлетика да жолға қойыла бастады.

Оған ауылда балалар мен жасөспірімдер спорт мектебінің ашылуы түрткі болды. Дәлірек айтқанда, жаңа мектептің директоры Зияда Нұрғазиева мектепке Қуангүл Досахаева есімді ауыр атлет маманын жұмысқа алды. Сөйтсе ол осыдан он жыл бұрын өзіміздің Атырау қаласында өткен Әлем чемпионатында жүлделі орын алып, чемпион атағын иеленген мықты спортшы болып шықты. Қуангүл келісімен наурыз айынан бастап мектептен ауыр атлетика бөлімін ашып, тілек білдірген үш бүлдіршінді спорттың осы түріне баули бастаған-ды. Нәтижесі жаман емес. Өткен мамыр айының аяғында Атырау қаласында 2002-2004 жылы туылған жасөспірім ұлдар мен қыздар арасында ауыр атлетикадан облыстық іріктеу чемпионаты өткен-ді. Міне, сол үлкен сайыста бағын сынап көрген Қуангүлдің шәкірттері ауданға жүлдемен оралды. Атап айтқанда, 34 кг салмақ дәрежесінде штанга көтерген Мерей Самат ІІІ орын иеленсе, 58 кг-дағы Перизат Ерболқызы ІІ орынды жеңіп алды. Ал 38 кг салмақ бойынша бел темірді басынан асырған Ардан Жаңбырбай І орынды қанжығасына байлап, жеңістің биік тұғырына көтерілді. Осылайша Қуангүл Досахаева білікті бапкер екендігін байқатты. Шәкірттері аз уақыттың ішінде жақсы көрсеткішке қол жеткізді. І орын алған Ардан енді республикалық чемпионатқа жолдама алып, облыс намысын қорғайтын болды.

Ербол ҚОШАҚАНОВ.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521