Ауданымыздың жаттықтырушылары Атыраудан алтын кубок арқалап келді. Облыстық спорт басқармасына қарасты мекеме қызметкерлері арасында өткен облыстық футзал турнирінде жерлестеріміз жеңісті жолдан таймай, қарсыластарын қапы қалдырды. Ауданымыздағы балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің жаттықтырушылары белсенділік танытып, чемпион атанды. Аталған турнир екі күнге созылып, бас-аяғы 19 команда қатысты.
Алғашқы кезеңде төрт топқа бөлінген құрамалар плей-оффтың жолдамасын сарапқа салды. Үш топта бес командадан өнер көрсетсе, ауданымыздың жаттықтырушылары квартетте бақтарын сынады. Алғашқы кездесуден-ақ алға озған жерлестеріміз өздерінің фаворит екендіктерін қағаз жүзінде ғана емес, паркетте де дәлелдей алды. Сенімді үш жеңістен кейін ширек финалға жолдама алған аудан құрамасы ол жерде де тосылып қалмады. Екінші кезеңде, алдымен, Мақат ауданымен тең тарқайды.
Дегенмен, ойын соңындағы пенальти сериясында дәлдік танытқан командамыз басым түседі. Жартылай финалда Исатай құрамасын тізе бүктіріп, чемпиондық ойында Атырау құрамасын 6-3 есебімен жеңді. Турнир барысында ұпайдан шашау шығарып көрмеген жерлестеріміз көрермен көзайымына айналып, көптің көңілін әдемі ойын өрнегімен көтерді. Аудан құрамасының үздік сұрмергені атанған капитанымыз Қадірбек Хамитов:
- Турнир өте жоғары дәрежеде өтті. Ұйымдастырушыларға рахметімізді айтамыз. Және басымызды қосып, жарысқа қатысуымызға ықпал еткен жаттықтырушымыз Абзал Бекеновке де ризашылығымызды білдіремін. Ойын өте тартысты өтті.
Дегенмен, ауданның намысы тұрған кезде тосылып қалу жарамас деп, барымызды салдық. Соның нәтижесінде турнир жеңімпазы да атандық,-деді өз сөзінде. Одан бөлек, аудан құрамасының ойыншылары Қайырбек Уалитханов «Үздік қақпашы», Төремұрат Рахымғали «Үздік ойыншы» номинациясының иегері атанды. Барлық жеңімпаздар медальдар мен дипломмен марапатталды. Аудан жаттықтырушыларын жеңістерімен құттықтай отыра, шәкірттері де осы көштен қалмай, чемпиондық жолды жалғай берсін деген ізгі тілек тілейміз.
Е.Алтайұлы