Атырауда Ризабек Айтмұқан атында спорт кешені ашылды

Мұнайлы өлкеде Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері, еркін күрестен Әлем чемпионы атанған тұңғыш қазақ, үш дүркін Әлем және Азия чемпионы Ризабек Айтмұқан атындағы спорт кешені пайдалануға берілді.

Жаңа спорт кешенінің ашылу салтанатына Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мәжіліс депутаты Дәулет Тұрлыханов және елімізді әлемге әйгілеп жүрген белгілі чемпиондар қатысты.

1e701858 00c6 4191 b345 eecf8ca2fbc9

Өңірде еркін күреске ден қойған жасөспірімдер үшін үлкен мүмкіндік туды. Қалада бой көтерген заманауи кешеннің есігі бүгін ресми түрде айқара ашылды. Бұл – өңірдегі бұқаралық спортты дамытуға, жаттығу алаңдарын кеңейтуге бағытталған маңызды қадам.

686990d3 f103 4d4e 8e72 72ed4f850ad5

Жаңа нысанның ашылу салтанатына спорт ардагерлері, жаттықтырушылар, танымал спортшылар, жас балуандар қатысты. Салтанатты жиында сөз алған КСРО және Қазақстанның еңбек сіңірген спорт шебері, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Мәжіліс депутаты, грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Дәулет Тұрлыханов кешеннің өңірлік спорт инфрақұрылымын нығайтудағы рөліне тоқталды.

Оның айтуынша, бұл орталықта балалар мен жасөспірімдерге жүйелі түрде оқу-жаттығу өткізуге барлық жағдай жасалған.

4a2b9a7e 21d1 4376 9012 d3120604b9e3

— Еліміздің батысында Атырау облысы грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының президенті Арман Тұғаевтың бастамасымен күрес академиясы ашылып отыр. Мұнайлы өлке тек “қара алтынымен” ғана емес, белгілі спортшыларымен де танымал. Ардагерлер бастаған жолды кейінгі ұрпақ жалғап келеді. Осындай спорт академиялары көп болса, еліміздің атын әлемге шығаратын спортшылар да көп болатыны рас. Балуандарымыз халықаралық аренада бақ пен бап сынап, жетістіктерге жете берсін, жеңіс тұғырынан көрінсін деген тілегім бар. Осындай бастамаға қолдау білдірген облыс басшылығына, өңірдегі спорт басқармасына ризашылығымызды білдіреміз, — деді Дәулет Болатұлы.

6333ba9f 1891 4444 aaee 852a1e40fb75

Кешен бір уақытта бірнеше топтың жаттығуын қабылдай алады. Мұнда кең әрі жарық зал, заманауи күрес кілемдері, күш даярлығына арналған арнайы аймақ және спортшылардың қалпына келуіне қажет бөлмелер қарастырылған. Инфрақұрылымы халықаралық стандарттарға сай келетін орталық алдағы уақытта облыс құрама командасына дайын спортшылар тәрбиелеуді көздеп отыр.

9a78253b 41af 469a 8220 e35dee8dd57f

— Кешеніміз талай талантты спортшылардың жеңіске жетуіне септігін тигізеді деп сенемін. Өйткені, мұнда жас балуандардың күреске дайындалуына барлық жағдай бар. Өңірде спорт саласы дамып келеді. Оның өркендеуіне бизнес өкілдері де, федерация да бір кісідей жұмылып, қолдау білдіріп отыр, — дейді облыстық дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы Нұрбол Тұрарұлы.

Академияның ашылу салтанатына грек-рим күресінен әлем чемпионы Айдос Сұлтанғали, еркін күрестен әлем чемпионы Нұрқожа Қайпанов, еркін күрестен әлем чемпионы және 3 дүркін тұңғыш қазақ әлем чемпионы Ризабек Айтмұқан, грек-рим күресінен Париж Олимпиадасының күміс жүлдегері Демеу Жадыраев, бірнеше дүркін әлем және Азия жүлдегері Дәулет Ниязбеков, екі дүркін әлем және Азия чемпионы, Олимпиада чемпионы Юрий Мельниченко, еркін күрестен Азия чемпионы, атыраулық спортшы Болат Сақаев, грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының директоры Димаш Сұлтан және тағы да басқа танымал чемпиондар мен спорт жанашырлары қатысты.

ceeb1aa5 a7ce 4bb2 979e 017018af9ae0

Спорт кешеніне ҚР грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясының атынан жаңа көлік табыс етілді. Ал Болат Сақаевқа Атырау облысы грек-рим, еркін және әйелдер күресі федерациясы атынан жаңа пәтер тарту етілді.

8410ceaf f1c2 48c2 a193 49cff4efbcfc

Кешеннің ашылу салтанатындағы ерекше сәт жаттықтыру залында суреттері ілінген елімізге белгілі спортшылардың қолтаңба қойылуы болды. Біздің өңірден де осындай спортшылар шықсын деген ниетпен жасалған бастаманы чемпиондар да қолдап, шынайы лебіздерін білдірді. Ал айтулы шараға арнайы келген спортшыларға өңірлік федерация атынан бағалы сый-сияпат көрсетілді.

8a9cfdc6 4157 4966 a569 53337502a564

Айбөпе САБЫРОВА

Суреттерді түсірген Ерлан АЛТЫБАЕВ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

AQPARATPRINT