АРДАГЕРЛЕР ТҮСТІ САЙЫСҚА..

Өткен аптаның сәрсенбісі күні қаладағы мәдениет үйінің жанындағы балалар кітапханасының залына ауданның ардагерлері көптеп жинала бастады. Оған себеп: Қарттар күніне орай шахматтан, дойбыдан өткізілетін аудандық турнирдің өтуі еді. Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімінің ұйымдастыруымен қолға алынған сайысқа 35 спортшы ардагер өтініш білдірген-ді.

Сайыскерлерді бөлім басшысы Әлібек Науаров құттықтап, сәттілік тілеп, сайыстың өту тәртібімен таныстырды.

Әрине, бұрын да дәл осындай тартысты турнирлер өткен еді. Бірақ бұл жолғы сайыстың ерекшелігі шахматшылардың уақытпен ойнайтыны еді. Әр қарсыласқа 10 минуттан уақыт берілді. Онымен келіспеген ардагерлер де табылды. Қалай болғанда да тәртіпке бағынуға тура келді. Асықпай, ойланып отыратын үлкен кісілерге ойынды 10 минутта аяқтау қиынға соқты. Мысалы, жасы 80-ге келген Ізімғали ағамыз, жеңіп отырып, уақыты жетпей, ұтылып қалды.

Дойбы ойынына үш-ақ ойыншы қатысты. Есесіне әйел ардагерлерден 9 адам күш сынасты. Бас төреші Беркін Өтебаев бастаған төрешілердің ұйғаруымен әр топтан жеңімпаздар анықталып, финалға шығып, шахматтан ардагерлер Ақылбай Жөкешев, Ибрагим Қариев, Рысжан Байқұтов, Қамбар Сейітов, Амангелді Жолдыбаев, Қалыбай Қуанышевтар сырылып алға шықты. Дойбыдан әйелдер арасынан Күнзира Шүңгілова, Ләззат Жексенова, Ира Жолдыбаева, Жұмасұлу Молдабаевалар ақтық айқасқа жолдама алды.

Соңғы сын сәтте сақа сайыскерлер де анықталды. Төрешілердің шешімімен ерлер арасындағы шахмат «шайқасынан» 3 – орын Ақылбай Жөкешевке бұйырса, 2 – орынды Амангелді Жолдыбаев жеңіп алды. Ал жүлделі 1 - орынды Қалыбай Қуанышев қанжығасына байлады. Ал дойбыдан 2-ші және 3-орындарды Амангелді Мыңжасаров пен Тұрлан Мырзабаев иеленсе, 1-орынды Гайдар Арыстанов ұтып алып, жеңістің биік тұғырынан көрінді.

Дойбыдан дес бермеген әйелдер арасында жеңімпаздар 2 – орын Жұмасұлу Молдабаева мен Ләззат Жексеновалар 2,3-орындарды иеленіп, жеңімпаздар санатынан көрінсе, Ира Жолдыбаева 1-орын жүлдегері атанды.

Аудандық турнир жеңімпаздары мен жүлдегерлер арнайы диплом, медаль және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Ғабиден ЖҰМАҚШАМҰЛЫ,

Құлсары қаласы.

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT