Осыған дейін Жем ауылдық округінің орталығы Тұрғызба ауылындағы Жем балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде Ұлы Отан соғысының ардагері, екі мәрте “Қызыл Жұлдыз” және “Даңқ” ордендерінің иегері Айтқұл Жолдыбаевты еске алуға арналған кіші аяқ доп жарысы өткенін хабарлаған едік. Мамырдың 3-і күні өз мәресіне жеткен дүбірлі доп додасын майдангердің ұрпақтары ұйымдастырды. Ол Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналып, барлығы 11 команда қатысқан болатын.
Нәтижесінде М. Әуезов атындағы орта мектепті 2020 жыл бітірген түлектер командасы ІІІ орынды жеңіп алса, “Достар” командасы ІІ орынды иеленді. Ал өзгелерге қарағанда тәжірибесі мол “Ардагер” командасы бәрінен басым түсіп, жүлделі І орынды қанжығасына байлады.
Бұдан басқа, қарсыласының қақпасына үсті-үстіне шабуылдап, қауіп төндірген Мейіржан Ізбергенов “Үздік шабуылшы” атанса, қақырата соққан допқа қайта-қайта төтеп берген Шыңғыс Нарынбаев “Үздік қақпашы” деп танылды. Ал үздік ойын өрнегін көрсеткен Ақылбек Абилов “Үздік ойыншы” атағын жеңіп алса, өз командасын қарсыласының шабуылынан шебер қорғай білген Мейрамбек Сабытаев “Үздік қорғаушы” ретінде ұлықталды.
Барлық жеңімпаз командалар мен жүлдегерлерді батырдың ұрпақтары арнайы диплом мен ақшалай сыйлықтармен марапаттады
Е. Қошақанов
#ҰлыЖеңіс, #ДеньПобеды