Ардагерлер «айқасы»

Аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі мен аудандық Ауған соғысы ардагерлері қоғамының ұйымдастыруымен волейболдан облыстық турнир өтті. Аталған бәсекеге төрт команда қатысып, кубокқа таласты.

Аталған турнир Ауған соғысы кезінде жат жерде көз жұмған жылойлық қос боздақ Ерболат Омаров пен Болат Ербосыновты еске алуға арналды. Бір ерекшелігі, бұл бәсекеге тек қырықтың қырқасына шыққан тәжірибелі спортшылар қатысты. Ашылу салтанаты кезінде аудандық Ауған соғысы ардагерлер қоғамының төрағасы Досан Әділов сөз алып:

- Біз батырымызды ешқашан ұмытпаймыз. Отан үшін опат болған ерлер есімі ел есінде мәңгі қалмақ. Жылыой жерінен шыққан жаужүрек ұлдарды кеңінен насихаттасақ, жастар арасынан да елін, жерін сүйген азаматтар аз шықпасы анық. Бүгінгі жарысқа қатысушылардың барлығына тек сәттілік тілеймін,-деді.

Волейбол чемпионаты Орталық стадион ғимаратында өтті. Барлық төрт команда лига ретінде ойнап, бір-бірімен жолығып, өзара үздіктерді анықтады. Дүбірлі доданың қорытындысымен Құрманғазы ауданының құрамасы қоланы қанағат тұтса, Жылыой ардагерлері күміспен күптеліп, Атырау қаласының құрамасы жеңіс тұғырына көтеріліп, алтын кубокты басынан асыра қуанды. Топ ішінен суырылып шығып, көзге түскен жүйріктер де марапатталды. Оның ішінде «Үздік қорғаушы» атағын Қайырбек Матен, «Үздік шабуылшыны» Мерей Құспанов, «Үздік үйлестірушіні» Қазбек Исабаев алса, ал «Үздік ойыншы» деп Андрей Титов танылды.

Сайыс соңында барлық жеңімпаздар диплом және ақшалай сыйлықпен марапатталды. Турнир ұйымдастырушылары мұнымен тоқтап қалмай, алғы күнде де ардагерлердің қоғамдық өмірден бөлек, спортта белсенділігін арттыру үшін жұмыстар жасала беретінін жеткізді.

Е.Алтайұлы

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AqPrint

Байланыс номерi :     +7 702 132 03 32      +77122458521