Ардагер рухы – алаңда


Спорт – достықтың мекені. Дегенмен, алаңдағы айқас ойынның көркін қыздырып, көрерменнің делебесін қо
здырады. Бұл сөзімізге ауданда ардагер спортшы Бағытжан Құсайыновты еске алуға арналған волейбалдан өткен облыстық ашық турнир дәлел бола алады. Қос қолымен допты ұршықша үйірген спортшылар өздерінің шеберлігімен көпке таңдай қақтырып, паркеттің шаңын шығарды.  

     Бағытжан Ғайнеденұлы - ардагер спортшы, спорттың осы ойын түрінен облыстық, республикалық турнирлердің жүлдегері. Жаңа жасөспірім волейболшыларға өзінің ойынымен де, ойымен де үлгі боларлық тұлға болды.

   Бұл жолғы турнирдің бір ерекшілігі 40 жастан асқан мансабын аяқтаған спортшылар ғана қатысты. Жаңа Қаратон кентіндегі №4 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінде өткен доданың спортшыларға да, көрермендерге де берері мол болды. Осыны сөз өткен турнирдің «Үздік ойыншысы» атанған Құлсары командасының ойыншысы Жәнібек Атырауов:

   -Жарыс жоғары деңгейде өтті. Ұйымдастырушыларға зор алғысымды білдіремін. Әсіресе, жанкүйерлердің қолдауы көп көмектесті. Өкінішке орай, чемпиондыққа сәл жетпей қалдық. Осындай турнирлер өз жалғасын тапса, нұр үстіне нұр болар еді,-деді.

     Айтулы доданың қорытындысымен Махамбет ауданының құрамасы үздік үштіктен бой көрсетсе, ақтық айқаста құлсарылықтарды тізе бүктірген «Атырау» командасы бірінші орынды иеленіп, чемпиондықты қанжығаға байлады. Одан бөлек, М.Құспанов, С.Есеев, А.Қасановтар үздіктер қатарынан көрініп, арнайы марапатталды. Жеңімпаздардың барлығына сыйлық мен диплом табыс етілді.

    Бағытжан Ғайнеденұлының есімімен өткен турнир – спорт пен тағзымның, шеберлік пен сағыныштың тоғысқан тұсы болды. Осындай рухани әрі спорттық шаралар – өткенді ұлықтаудың, болашаққа салауатты серпін берудің жарқын көрінісі. Спорт – жанкүйерлердің жүрегін тулатып, ұрпақты тәрбиелейтін ұлы мектеп. Ал Бағытжандай тұлғалар – сол ошақтың мәңгі өшпес шамшырағы.

Е.АХМЕТКӘРІМОВ

 

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT