АЛТЫННАН АЛҚА ТАҚҚАН «АЛТЫН ҚЫЗ»

Грекияның Салоники қаласында кадеттер арасындаЕуропа кубогі өтті. Құрлық кубогінде алтыннан алқатаққан жылыойлық спортшы Гүлхан Шыңғысхан ел  мерейін үстем етіп,  көк туымызды көкте желбіретті.

Олимпиада ойындарының негізі қаланған Грекияда қай-қайспорт түрі де қарқынды дамыған. Оның жарқын көрінісіөтіп жатқан түрлі бәсекелер мен ондағы жұлдызы жанған қыз-жігіттер. Соның бірі – Салоники қаласындағы дүбірлі дзюдодан өткен  Еуропа кубогі. Аталған додаға әлемнің 29 елінен 439-ға жуық спортшы қатысты.

Онда Құлсары қаласындағы №1 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің шәкірті Гүлхан Шыңғысхан   48 кг салмақдәрежесінде өнер көрсетті. Алғашқы кездесуін екінші кезеңнен бастап,  француз қызы Селин Иддирге қарсы шықты. Айқын басымдықпен жеңіске жеткен жерлесіміз С тобындағы шешуші белдесуді израильдық Зимри Нешерге қарсы өткізді. Бұл кездесуде де қарындасымыз қарсыласын уақытынан бұрынқапы қалдырды. Нағыз айқас жартылай финалда басталды. Алтынның ауылы жақындағанда, психологиялық жай-күй де жоғары рөл ойнайтыны сөзсіз. Сондай шешуші сәтте салқынқандылық танытқан Гүлхан польшалық Нина Подымскаяны иппон әдісімен таза жеңді.

Ақтық айқасқа қос бірдей қазақ қызы шығып, төбемізді көкке көтерді. Дегенмен, ішіміз Гүлханға жылып, жерлесімізге жақтасқанымыз жасырын емес. Жанкүйерлерінің сенімін ақтаған Шыңғысханның ұрпағы Гүлхан финалда да бабы мен бағы қатар шауып, Әсел Руслановадан басым түсті. Сонымен, Грекия төрінде қазақтың көк байрағы  желбіреді.

Гүлханның жеке бапкері Жаңылсын Көптілеуова:

- Гүлхан кішкентайынан болмысы бөлек дара спортшы. Бүгінгі жеңісі де жылдар бойы төккен тер мен еткен еңбектің жемісі деп білемін. Дегенмен, алтынға масайып, босаңсуға да болмайды. Алда әлі талай бәсеке бар. Солдодаларда еліміздің намысын жықпай, ауданның атыншығару үшін барымызды салатын боламыз,-деді өз сөзінде.

Гүлхан осыдан бірнеше ай бұрын Лимадағы әлемчемпионатында кеткен есесін Салоникида қайтарды десек те болады.  Жасөспірімдер арасында жүлдегер атанған жерлесімізалдағы жылдары жастар санатына өтеді. Егер ол жерде де жасындай жарқылдаса, ересектер арасында да топ жаруы ғажапемес. Парижде өткен Олимпиададағы отандастарымыздыңжетістігінен кейін ел арасында дзюдоға деген қызығушылық одан сайын арта түсті десек, артық айтқандық емес. Сол ағабуынның жеңісті жолын Жылыойдан шыққан «Алтын қыз» да жалғайды деген үлкен сенім бар. Үкілеген үмітті ақтай білсе, Гүлханның арқасында тек қана Жылыойдың емес, еліміздің де абыройы асқақтары хақ.

 

Е.АЛТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT