Боз кілемде жауырыны жерге тимегендер Жылыой жерінде де жетерлік. Соңғы жылдары дзюдо спортында ауданымыз бойынша оң бетбұрыс байқалады. Себебі, дзюдошыларымыздың жетістігі көңілге қуаныш сыйлап, мерейімізді тасытып жүр. Өткен аптада ғана ересектер арасында Павлодар қаласында өткен халықаралық турнирде жерлестеріміз тұғырдан көрініп, қуаныштан бөркімізді аспанға аттық.
Б.Сейсенбаевты еске алуға арналған турнирге көршілес елдердің де сайдың тасындай іріктелген спортшылары келді. Өз-өзін көрсетуге жас спортшылар үшін тамаша мүмкіндік еді. Сол мүмкіндікті мүлт жібермеген жерлесіміз Шынар Бітімбай 70 кг салмақ санатында қарсыластың барлығын қапы қалдырып, алтыннан алқа тағып, ересектер арасындағы алғашқы жүлдесіне аяқ басты. «Таз» лақап атымен танымал Бекзат Шағатаев та 100 кг салмақ дәрежесінде боз кілемге шығып, бозарып қалмай, қола медальді қанжығалады.
Ақжолтай хабарды жеткізген Шынардың алғашқы жаттықтырушысы ауданымыздағы №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің бапкері Жаңылсын Абайқызы:
-Турнир талас пен тартысқа толы болды. Бәсекелестік өте жоғары. Дегенмен, шәкіртіме дән ризамын. Айтылған тапсырмаларды қалтқысыз орындап, бозкілемде өзінің мықтылығын дәлелдей алды. Шынардың алғашқы жүлдесі емес, бірақ бағындырар белестері әлі алда. Алдағы жарыстарға да оқу-жаттығу жұмыстарын тез бастауымыз тиіс. Себебі, босаңситын уақыт жоқ. Жылыойға жүлде сыйлаған жас шәкіртім жеңісімен талай қуантады деген сенімдемін,-деп өз ойымен бөлісті.
Айта кетейік, Шынар Бітімбай соңғы жылдары ғана жастар санатына өтсе, Бекзат Шағатаев ересектер арасындағы ұлттық құрама мүшесі. Үлкен дулыға турнирлерінде де бой көрсетіп жүрген «Таз» лақап атымен танымал спортшымыз бұл турнирде өзінің тәжірибесінің арқасында көп ішінен суырылып шықты десек те болады. Ал, Шынар Бітімбай мен «Алтын қыз» атымен біздің газетімізге жеңісімен бірнеше рет шыққан Гүлхан Шыңғысхан екеуі мамыр айының басында жастар арасындағы Литвада өтетін Еуропа кубогінде ел намысын қорғамақ. «Шығыстың қос шынарындай» болған қос спортшы қарындасымызға сәттілік тілеп, Литва төрінде көк туымызды көкте желбіретеді деген сенім білдіреміз.
Е.АЛТАЙҰЛЫ