“Алтын қыздың” кезекті жеңісі

Дзюдо — бұл тек жекпе-жек өнері ғана емес, заманауи олимпиадалық спорт түрі ретінде әлемнің түкпір-түкпірінде кең таралған тәртіп пен шеберлік мектебі. Жапониядан бастау алған дзюдо Жылыой жерінде де жақсы дамып келеді. Оған жастар мен жасөспірімдер арасында жасындай жарқылдап, аудан, облыс намысын, қала берді еліміздің абыройын әлемдік аренада асқақтатып жүрген спортшыларымыз дәлел. Солардың бірі де, бірегейі Гүлхан Шыңғысхан Макао төріндегі Азия кубогінде жастар арасында қола жүлдені қанжығаға байлап, жерлестеріміздің мерейін тағы бір мәрте көтеріп тастады.

Шығыстың Лас-Вегасы саналып кеткен Қытайдың Макао қаласында жастар арасында дзюдодан құрлық кубогі өткен еді. Татамиде әлемнің 9 елінен келген 137 палуаны бақтарын сынап, алтын жүлде үшін барын салды. Тартыс пен таласқа толы турнирде «Алтын қыз» атанып кеткен жерлесіміз Гүлхан да 52 кг салмақ дәрежесінде белдесті.

Алғашқы кездесуінде австралиялық Кэлли Ореннен басым түскен қарындасымыз В тобының басты дуэлінде Моңғолия елінің өкілі Гундегма Болдбаатарға есе жіберіп қойды. Дегенмен, жұбаныш белдесуіне жолдама алған жерлесіміз екінші қайтара қателікке бой алдырмады. Бастапқыда Австралия елінің тағы бір өкілі Кэлли Баннистерді жарыс жолынан шығарса, қола жүлде үшін таласта моңғолиялық Бұлған Лхагваджавты айқын басымдықпен жеңіп, көк туымызды көкте желбіретті.

Құлсарыдағы №1 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің түлегі Гүлхан Шыңғысхан жеңісінен кейін: -Иә, жоғары деңгейдегі турнир болды. Алғашында Гонконг қаласындағы Азия кубогіне бару керек болғанбыз. Алайда, табиғи апатқа байланысты Макаодағы турнирге жол тарттық. Және «Сабақты ине сәтімен» дегендей, осындай жетістікке жеткеніме қуаныштымын. Дегенмен, алдағы турнирлерде тыңғылықты жаттығу жүргізіп, алтын алқа алғым келеді,-деп өз ойымен бөлісті.

Шынымен де, бір қызығы ұлттық құрама спортшылары Гонконгқа баруы керек болды. Бірақ әлеуметтік желілерде желдей ескен бейнелерден көргеніміздей, бұл қалада тайфун көтерілуі себепті турнирді өткізбеу туралы шешім қабылданған. Жеке жаттықтырушысы Жаңылсын Көптілеуовамен де тілдесе отырып, тағы бір жақсы жаңалықты естідік. Бұл рейтингтік турнирде өзін жақсы қырынан көрсете алған Гүлханқыркүйек айында Джакартада өтетін Азия чемпионатына жолдама алған. Құрлық чемпионатында да жеңіске жетер болса, әлемнің мықтыларымен бақ сынайтыны сөзсіз. Жаттықтырушысы да алдағы турнирдің маңызы жоғары екендігіне тоқталып, толыққанды оқу-жаттығу жұмыстарын тынбай жүргізетінін жеткізді.

Қазіргі таңда Атырау қаласында білім алып жатқан Гүлхан Шыңғысханды кезекті жеңісімен шын жүректен құттықтай отырып, спорттық мансабына толағай табыс тілейміз. «Алтын қыз» атанған бозкілем шеберінің алдағы өтетін Азия чемпионатында да қанжығасы майланып, үздіктер қатарынан көрінетініне нық сенеміз.

Е.АЛТАЙҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT