Дзюдо десе ішкен асын жерге қоятын жылыойлықтар жетерлік. Оның үстіне өткен жаздағы Елдос Сметовтің триумфынан кейін жалпы қазақ даласында спорттың осы түріне деген қызығушылық тіптен артқан болатын. Ал, біздің осы спорт түрінен басты үмітіміз - Гүлхан Шыңғысхан кезекті алтынымен дүйім жұртты тағы бір қуантты. Онымен қоса Шынар Бітімбай да қоланы қанжығалап қайтты.
Өткен аптада ғана Лисаковск қаласында дзюдо күресінен жастар және қыздар арасында Кемаль Усмановты еске алуға арналған республикалық ашық турнир өтті. Әртүрлі салмақ дәрежесінде бақ сынаған көршілес елдердің спортшылары да бақ сынады. 52 кг салмақ дәрежесінде белдескен Гүлхан Шыңғысхан боз кілемде кезіккен барлық қарсыласының жауырынына жер иіскетіп, жеңіліс дегенді білмеді. Ақтық айқаста да өзге бір отандасымызды оңай жеңіп, көрермен көзайымына айналды.
Бұған қоса осыған дейін де өзінің жарқын жеңістерімен бізді қуантып жүрген Шынардың да бұл жолы асығы алшысынан түсті. Ол 70 кг салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. Үшінші орынға таласқан кездесуде білек сыбана күрескен қарындасымыз намысты қолдан бермеді. Екі жерлесіміз де №1 балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің түлектері. Қазіргі таңда Атырау қаласында білім алуда. Жас дзюдошылардың ұстазы Жаңылсын Абайқызы:
- Бұл да бір үлкен жеңіс болды. Бірақ, мұнымен тоқтамаймыз. Үлкен турнирлер енді басталады. Сол жарыстарға жаттығу жұмыстарын тыңғылықты жүргізуіміз керек. Қыздар осы жолдан таймаса, әлемдік аренада өз орнын ойып тұрып алатын мықты спортшылардың қатарына қосылады,-деді зор сеніммен шәкірттері туралы.
Ақпан айында Гүлхан Шыңғысхан ел біріншілігінде бақ сынамақ. Бұл турнир аса маңызға ие. Себебі, мұнда ел намысын халықаралық жарыстарда қорғайтын спортшылар анықталады. Егер қарындасымыз барлық қарсыласын басып озар болса, жастар арасындағы әлем чемпионатына аттануы әбден мүмкін. Оның үстіне, Лисаковскідегі турнирде Гүлхан жаңа салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен болатын. Тосылып қалмаған «Алтын қыз» өзінің мықтылығын бұл жолы да дәлелдей алды. Иә, «Алтын қыз» атанған Гүлхан алтын алғаннан кейін жаттығуынан жаңылмай, алға қарай өрлей берсе, Жылыойдан шыққан тұңғыш олимпиада қатысушысы болуы бек мүмкін.
Е.АХМЕТКӘРІМОВ