7-10 наурыз аралығында Алматы қаласында Райымбек батырды еске алуға арналған таэквондодан республикалық турнир өтті. Бұл сайыста біздің Жылыойдың жігіттері де бақ сынап көрді. Солардың ішінде 73 кг салмақта өнер көрсеткен Абыл Кенжебектің асығы алшысынан түсті.
Республикалық турнирге еліміздің түкпір-түкпірінен 1000-нан аса спортшы келді. Талас пен тартысқа толы сайыста жерлесіміз жігерлік танытып, ақтық сынға дейін сүрінбей келді. Дегенмен, финалда аз ғана ұпай айырмасымен қарсыласына есе жіберіп алды. Бұл жолы күміс алқа алғанымен келешекте Абылдан үлкен үміт күтеріміз анық.
Жалпы спортқа 7 жасында келіп, өзінің ширақтығын көрсете білді. Атырау облысының өз салмағында бірінші нөмірлі таэквондошысы Абыл Естөреұлы еліміздің Ұлттық құрамасының құрамына да кіріп үлгерген. Әлемдік байрақты бәсекелерде бас көтеріп жүрген спортшымыз осыған дейін де көптеген жарыстың жеңімпазы атанды.
Жылды сәтті бастаған жерлесіміз бірнеше турнирлердің жүлдегері атанды. Айталық, қаңтар айында Тараз қаласында Таэквондо федерациясының тұңғыш президенті Бексейіт Түлкиевті еске алуға арналған халықаралық турнирде 73 кг салмақта қола жүлде иеленді. Ақпан айында Біріккен Араб Әмірлігінің Фуджейро қаласында халықаралық (G-2) турнирде 68 кг салмақта қола алқаның иегері атанды. Ал, ақпан айының аяғында өткен Шымкент қаласында Шадияр Қондыбаевты еске алуға арналған таэквондодан республикалық турнирде 73 кг салмақ дәрежесінде алтыннан алқа тағынды. Жеке бапкері – Дастан Қожыров.
-Абыл алғаш келген кезінен бастап спортқа өте құмар болды. Жаттығулардың өзінде жігер көрсетіп, бар күшін салатын. Алдағы уақытта да қажырлылық танытып, ересектер арасында Олимпиада шыңын бағындыруды мақсат тұтып отыр. Егер де, тынбай тер төгер болсақ, жеңістің де ауылы алыс емес.Абылымыз Жылыойға әлі талай алтын алып келеді деген үміттеміз,-дейді бапкер шәкірті жайлы.
Абыл өз кезегінде: «Күмісті қанағат тұттым. Дегенмен финалда үлкен жеңіске жеткім келген. Сәл-сәл сәттілік жетіспей қалды. Ендігі жоспарым ҚР чемпионатына тыңғылықты дайындық жасап, сол жарыстың алтынын алу. Сол үшін аянбай тер төгуге дайынмын. Чемпионатта озып шығып, Оңтүстік Корея елінде өтетін жастар арасындағы Әлем Чемпионатына жолдама алу - басты мақсатым. Қазақтың туын кәрі құрлықта көкке көтеру үшін барымды саламын»,- деді болашақ чемпион.
Жерлесіміздің Жылыойдан шыққан алғашқы Олимпиада чемпионы атануына тілектеспіз. Алдағы бәсекеде де топ жарып, асығы алшысынан түсе берсін.
Е.Ахметкәрімов