Абыл – қола жүлде иегері

Абыл – қола жүлде иегері
Фото: Е.Қошақанов

Жылдың басын жеңісті жетістіктермен бастаған аудан спортшылары жерлес жанкүйерлерін тағы да қуанышқа бөледі. Өткен қаңтар айының 31-і күні Біріккен араб әмірліктеріндегі Фуджейро қаласында таэквондодан халықаралық ашық чемпионат басталған болатын. Ақпанның 10-ына дейін созылатын дүниежүзілік додаға аудандық №1 Балалар-жасөспірімдер спорт мектебінің балғын спортшылары да қатысып, бақ сынаған еді. Күні кеше ғана ол жақтан сүйінші хабар келіп жетті.

Оған әлемнің 20 мемлекетінен 2 мыңға жуық сайдың тасындай ең мықты спорт шеберлері келіп күш сынасты. Міне, сол көптің ішінен 68 кг. салмақ дәрежесінде өнер көрсеткен құлсарылық Абыл Кенжебек халықаралық деңгейдегі төрешілердің көзіне түсе білді. Бұған дейін де дүбірлі додаларда топ жарып жүрген 2007 жылы туған балғын спортшы жерлесіміз өзі секілді көптеген қарыласын тізе бүктіріп, ақтық финалға жолдама алды. Нәтижесінде 16 жастағы таэквондошы үшінші орынды жеңіп алып, әлемдік чемпионаттың қола жүлдегері атанды.

Бұл Абылдың бабын да, бағын да келістіріп баптаған жаттықтырушысы Дастан Қожыровтың да жеңісі екендігінде сөз жоқ.

Е.БИСЕКЕНҰЛЫ

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT