banner_damu

2021: Қазақ спортының көрсеткіштері

Қазақстандық спортшылар үшін 2021 жыл табысты жыл болды. Жыл басынан соңына дейін жерлестеріміз бірқатар маңызды жарысқа қатысып, халықаралық ареналарда ел мерейін асырды. Командалық және жекелеген спорт түрлері бойынша өткен әлемдік және құрлықтық додаларға және басқа да ірілі-ұсақты халықаралық турнирлерге қатысып, жарқын жеңістерге қол жеткізді.

Төрткүл дүниенің төртінші құрамасы

Биыл футзалдан Қазақстан ұлттық құрамасы Литваның Виль­нюс, Каунас және Клай­педа қалаларында ұйымдастырылған VIII әлем чемпионатында төр­­тінші орын алып, ел Тәуел­сіз­ді­гінің 30 жылды­ғына та­­ма­­ша тарту жасады. Себебі күні бүгінге дейін Қазақстанның бірде-бір ко­мандалық құрамы әлем чемпионаттарының тарихында жартылай финалға дейін жеткен емес.

Қазақстандық футзал шеберлері қыркүйек­тің соңы мен қазан айының басындағы әлем чемпионатында абыройлы өнер көрсетіп, жер-жаһанның ең үздіктері бас қосқан аламанда бәрімен терезесі тең дәрежеде ойнады. Жер­лестеріміз топтық кезеңде Коста-Рика (6:1) мен Литваны (3:0) жеңсе, үшінші турда Венесуэламен (1:1) тең түсті. Плей-оффтың алғаш­қы екі матчында Таиланд (7:0) пен Иран­ды (3:2) жарыс жолынан ығыстырды. Жар­тылай финалда Португалиямен негізі уа­қытта 2:2 есебімен тең ойнап, матч соңын­дағы пенальти сериясында ғана 4:3 есебімен жол берді.

Ал қола жүлде үшін өткен бәсекеде осы­ған дейін сегіз мәрте ұйымдастырылған әлем чем­пионатының бесеуінде бас жүлдені олжалаған азулы Бразилия құрамасына есе жіберді.

Біржан Оразов, футзалдан ұлттық құраманың ойыншысы:

– Биылғы әлем чемпионаты Қазақстан құрамасы үшін өте табысты өтті. Өйткені тарихта тұңғыш рет дүниежүзінің үздік төрт құрамасының қатарынан көріндік. Бұл Қазақстан үшін зор жетістік екені белгілі. Мен үшін осы додадағы ең тартысты ойын – Иран мен Португалияға қарсы өткен кездесу болды. Себебі екі матчтың да тағдыры соңғы минуттарда шешілді. Біз Иранды соңғы сәтте сан соқтырып кетсек, Португалия дәл сондай жағдайда бізді жеңіп кетті. Қазіргі таңда елдегі футзал спортын легионерсіз елестету де, дамыту да қиын. Ұлттық құрамадағы, клубтағы ойыншылар легионерлерге қарап бой түзеп, енді-енді шеберлігін шыңдап келеді. Егер алдағы уақытта әр облысқа спорт мектептерін салып, футзал үйірмелерін ашатын болса, Қазақстан құрамасы легионерлерсіз-ақ әлемнің алдыңғы құрамаларының қатарына қосыла алады.

Дәурен Тұрсағұлов, футзалдан ұлттық құраманың ойыншысы:

– Біз биылғы әлем чемпионатында бұрын-соңды ел тарихында болмаған нәтижеге қол жеткіздік. Әлем чемпионатына аттанар кезде өз алдымызға Латвиядан тек жүлдемен қайтамыз деген мақсат қойған едік. Өкінішке қарай, мақсатымызға бір қадам қалған жерде сүріндік. Десе де төртінші орынның өзі жақсы нәтиже. Мен үшін біріншіліктегі ең тартысты ойын – Иранға қарсы матч болды. Бірінші таймда 0:2 есебімен жеңіліп, үзіліс кезінде бас бапкер Каканың жігерлі, рухты сөздерінен кейін екінші таймда мүлде басқаша ойын көрсетіп, жеңісті жұлып алдық. Ұлттық құрамадағы Игита, Лео, Тайнан, Дуглас жоғары деңгейдегі ойыншылар екені сөзсіз. Олар қазақ футзалын осы дең­гейге көтерілуіне зор үлес қосып келеді. Солар­дың арқасында біздің қазақ жігіттерінің де тәжі­рибесі артып, шеберліктері шыңдалу үстінде.

Белградта боксшылар атойлады

Токио Олимпиадасында небәрі екі қола медаль алып, жанарымен жер шұқып қайтқан боксшылар жанкүйерлер тарапынан сынға ұшыраған еді. Әйтсе де Олимпиададан тура екі ай өткеннен соң, Белградтағы әлем чемпио­­на­тында отандық былғары қолғап шебер­лері

2 алтын, 2 күміс және 1 қола медальды олжалап, мықтылар тізіміне қайта қосылды.

Әлем чемпионатының ең жеңіл салма­ғында өнер көрсетіп, турнирде қарсылас шыдатпаған Теміртас Жүсіпов бұл сәтті 16 жыл күтті. 2005 жылы бокс қолғабын қолына киген Жүсіпов әр жылдары ұлттық құрамамен бірге Азия біріншілігіне қатысып, 2013 жылы құрлық чемпионы, 2019 жылы қола жүлдегері болды. Ал биыл екі бірдей әлем чемпионатында топ жарды. Бірі әскерилер арасындағы дүние­жүзілік додада болса, арада бір жарым ай өткенде Белградта алдына жан салмады.

Ал 51 килодағы Сәкен Бибосынов Токио Олимпиадасында төрешілердің әділетсіздігіне ұшырап, елге қола медальмен орал­ған-ды. Токиода кеткен есе­сін Белградта қайтарып, тұғыр­дың ең биік сатысынан кө­рінді. Сон­дай-ақ Сербия төрінде жас талантты бокс­шы Сабырхан Махмұд (54 кг) пен Серік Темір­жанов (57 кг) күміс, құрама капитаны Абылайхан Жүсіпов үшінші мәрте әлем чемпионатының қола жүлдегері атанды.

Сәкен Бибосынов, әлем чемпионы:

– Токио Олимпиада­сына алтын аламын деп барған едім. Өкінішке қарай, ол жақтан алтын бұйырмай, қоланы қанағат тұттық. Елге келген соң бап­керіммен ақылдасып, Токио шар­шы алаңындағы кеткен есемді Бел­градта қайтарамын деп шештім. Токиодан оралған бойда тактикамызды өзгерттік. Дайындық жүйесіне өзгеріс енгіздік. Міне, осының нәтижесін Белград тө­рінде көрдік. Халқымды қуанта білсем, содан артық бақыт жоқ.

Теннисшілер төрге озды

Биыл теннисшілер үшін де ерекше жыл болды. Кейінгі жылдары әлемдік ареналарда жарқырап өнер көрсетіп жүрген Елена Рыбакинаның бір өзі ел теннисін өрге сүйреп келеді. Атап айтар болсақ, ол Парижде өткен Roland Garros турнирінде «Үлкен дулыға» санатындағы жарыстарда 23 мәрте топ жарып, талай дүлдүл теннисшілерді жолдан тайдырған әйгілі Серена Уильямсты жеңіп, карьерасында алғаш рет аталған жарыстың ширек финалына дейін жетті.

Сонымен қатар Рыбакина биылғы Токио Олимпиадасының ширек финалында өнер көрсетіп, тағы бір тарихи нәтижені тіркеді. Себебі бұған дейінгі жеті Олимпиадада Қазақ­станның бірде-бір теннисшісі бұл ме­жеге жете алмаған еді. Жұптық және командалық сында да жетістігіміз аз болған жоқ. Алек­сандр Бублик пен Андрей Голубев жұбы «Үлкен дулыға» санатындағы Roland Garros атты әйгілі жарыстың финалында өнер көрсетті.

Елена Рыбакина, теннистен ұлттық құрама мүшесі:

– Олимпиаданың жартылай финалындағы сәтсіздіктен соң көпшіліктің маған қолдау көр­сеткеніне таңғалдым. Шыны керек, ри­за болдым. Матчта қолымнан келгенше же­ңіске жетуге тырыстым, бірақ сәт­тілік жолдас болмады. Олимпия ойын­дарының басқа турнирлерден бас­ты айырмашылығы – ха­­лық­тың шексіз қол­да­уында. Енді Парижде өте­тін Олим­пиадада барымды саламын.

Теннистен ерлер құ­ра­масы биыл да Дэвис ку­бо­гының финалдық кезеңіне қа­ты­­сып, турнирдің ширек финалына дейін жетті. Мадридтегі (Испания) жарыста өнер көрсеткен жерлестеріміз топтық кезеңнен сүрінбей өткенімен, ширек финалда Новак Джокович бастаған Сербия жігіттерінен же­ңі­ліп қалды. Осылайша, қазақстандық тен­нисшілер алтыншы мәрте әлемнің ең үздік сегіз командасының қатарынан көрінді.

«Алтай» – Азияның азулы командасы

Командалық жарыстағы Қазақстанның тағы бір жетістігі – «Алтайдың» клубтар арасындағы волейболдан сары құрлық бірін­шілігінде жеңімпаз атануы. Бұл жеңіс те волейболдан ел тарихындағы аса ірі жетістіктің бірі. Азия чемпионатына аутсайдер ретінде барған өскемендік ұжым жарыс барысында барлық қарсыласын қоғадай жапырып, «Азияның теңдессіз командасы» деген атаққа ие болды. Жерлестеріміз чемпионат барысында сары құрлықтың алдыңғы қатарлы клубтарымен шеберлік байқасты. Атап айтар болсақ, іріктеу кезеңінде Филиппиннің «Ребиско», Таиланд, Иранның «Сайпа» және екі дүркін Азия чемпионы «Суприм Чонбури» клубтарымен ойнады. «Алтай» үш матчта да азулы қарсыластарын бірдей есеппен (3:0) жеңді. Сондай-ақ финалда Таиландтың «Накхон Ратчисама» клубын да дәл осындай есеппен ұтып, алғаш рет Азия чемпионатында жеңіс тұғырынан көрінді.

Толағайлардың қарқыны тау қопарғандай

Биыл ауыр атлеттеріміз үшін де олжалы жыл болды. Илья Ильиннің ізбасарлары жас­тар және ересектер арасындағы әлем бірін­шілігі мен сары құрлық додасында бақ сынап, төрт мәрте Әнұранымызды шыр­қатты. Бір ерекшелігі, бұл жарыстың үшеуі Ташкентте, біреуі Сауд Арабиясының Джидда қаласында ұйымдастырылды.

Ташкенттегі жастар және Джиддадағы жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында 102 кило салмақта күш сынасқан Рахат Бекболатқа айрықша сенім көрсетілді. Өйткені ол былтырғы Әлем кубогында дара шығып қана қоймай, әлемдік рекордты да жаңартқан еді. Ташкенттегі доданың қоссайысында 377 (175+202) килоны еңсеріп, алтын тұғырға көтерілсе, араб түбегіндегі додада ол жұлқа көте­руде 155, серпе көтеруде 200 килоны бағын­дырып, 355 киломен бір жылда екі мәрте әлем чемпионы болды.

Сондай-ақ ересектер арасындағы Таш­кенттегі додада 55 кило салмақта өнер көрсет­­кен Арли Чонтей де алдына жан салған жоқ. Қоссайыста 260 (118+142) кило зілтемірді еңсеріп, әлем чемпионы атанды. Чонтей осы жылдың сәуір айында дәл осы Ташкентте өткен Азия чемпионатында 255 (115+140) кило зілтемірді басынан асыра көтеріп, өз салмағында сары құрлықтың теңдессіз ауыр атлеті атағын иеленіп еді.

egemen.kz

ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ

biblioteka-pervogo-prezidenta-kz

Сұрақ Жауап

Ауданда covid-19 жұқтырғандардың көбею себебі неде деп ойлайсыз?

logo1

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамыр күні тiркеліп, тіркеу туралы №17099-Г куәлiгi берiлген

Редакция мекенжайы: Құлсары қаласы, Исатай Тайманов көшесі, 4 үй.

Тел: 5-16-83, 5-07-66, 30-51-06, 30-51-05.

 

Яндекс.Метрика