2016 жылы BBC басылымы мойындаған...

Спорт - тек қана атлеттердің сайысы емес, бұл бүтін бір жанкүйерлердің мерекесі, әрі бар халық бас қосатын жиын. «Ерім дейтін ел болмаса, елім дейтін ер қайдан шықсын» демекші, ел үшін ерен еңбек етіп жүрген ерлерге бір кісідей қолдау көрсетіп жүрген жан берер жанкүйерлер біздің өлкемізде де жетерлік. Соның бірі - өзі Олимп шыңын бағындырғандай Елдоспен бірге қалпағын аспанға атып қуанған Асылан Жазиков бауырымыз.
Олимпиада ойындары кезінде бүкіл қазақстандықтар біріккені өтірік емес. Тіпті, еңбектеген баладан еңкейген қартқа дейін қарт құрлықтағы бәсекеге көз тікті. Ежелден Олимпиада, әлем чемпионаты, құрлық чемпионаты сияқты байрақты бәсекелелер қоғамды ынтымаққа шақырып, жанкүйерлердің басын бір жерде тоғыстыратыны ақиқат. Жарысынан бөлек жарнамасы да жер жаратын мұндай шараларда спортшылардан бөлек, ерекше фанаттар да танымал болып кететіні сөзсіз. Оған дәлел, өзіміздің жерлесіміз - Асылан Жазиков. Асылан Сабырғалиұлы осыған дейін де өзінің жанкешті жанкүйерлігімен көзге түскен. Тіпті, 2016 жылы BBC басылымы мен Сауль Поптың твитінде оның суреті жарық көріп, күллі әлемге әйгіленді. Ол кезде Асылан бауырымыз футболдан Англия премьер-лигасын сенсация жасап жеңіп алған Лестер клубына арнап, өзінің машинасының артқы әйнегіне «Бала кезімнен Лестерге жанкүйермін» деген жазуы және команданың қолдан салынған әдемі суретімен көптің көңілінен шықты. Аслан Жазиков көлігінің артқы әйнегін әдейі жумайды екен. Топырақ пен шаң жиналғасын өзінің өнерін паш ете отырып, сіріңке, мақта таяқшалары және саусақтарының көмегі арқылы тамаша туындыны дүниеге әкеледі. Биылғы жылы да жаңалықсыз қалмады. Бұл жолы әу бастан олимпиада ойындарына дайындалып жүрген екен. Және ең бірінші кезекте Елдостан үміт күткенін ағынан жарыла жеткізді:

-Осы олимпиаданың алғашқы күндері тамаша эмоция алдық. Соның бірі - дзюдодан Елдос Сметовтың алтын алқаны қоржынға салуы еді. Негізінен, әлемдік сарапшылардың көбі қазақстандық спортшының топ жаратынына сенбеді. Мен керісінше, алғашқы кездесуден бастап жанкүйерлік етіп, іштей жеңетініне сенімді болдым.

-Жалпы отандық спорт туралы ойыңыз қалай және өзіңіздің жанкүйерлік жолыңыз туралы айтсаңыз? - деген сұрағымызға былай деп жауап қатты:

-Негізі спортқа жаным құмар. Себебі, бүтін бір елді біріктіріп, қоғамдағы ынтымақтастық рухты қалыптастыруға сүбелі үлес қосады. Оны осы олимпиадан да көріп отырмыз. Халық болып спортшыларымыздың тілеуін тілеп, тақымын қысып отырғанымыз жасырын емес. Бұрыннан жеңіске жеткен спортшылардың суретін осылай машинамның артқы әйнегіне салуды дәстүрге айналдырдым. Одан бөлек, өзім кәсіби тұрғыда спортшы болмағасын, мен жетпеген биікке балаларым жетсін деген ниетпен артымнан ерген ұл-қыздарымды жасынан спортпен айналысуға бейімдеп жүрмін. Ұлым Санжар бокспен айналысса, қызым Дария дзюдо секциясына барады. Кенжем әзірге бір жаста, өсе келе ол да спортты жанына серік етеді деп ойлаймын.

Атыраулық азамат Жылыой өңіріне бір жағынан күйеу бала болып келеді екен. Ол өткен аптада іс сапармен Құлсары қаласына келіп-кетті. Сол сәтте жолығысып, жүздесудің сәті түскен еді Елдос үшін жан берер жанкүйерімізбен. Ол соңғы уақытта жергілікті спортшылардың да жетістіктерін көріп жүргенін, болашақта көк туымызды күллі әлемге танытар таланттар шығатынына сенімін білдірді. Осындай Жазиковтай жанкүйерлер тұрғанда бар әлемде байрағымызды желбіретер мықты қыз-жігіттеріміз шыға берері шүбәсіз.

Ерназ Ахметкәрімов

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT