Облыста қысқы 5 шақырымдық жүгіру марафоны өтті. Аталған спорттық шараға 200-ге жуық желаяқ тіркеліп, мұнда Атырау қаласынан бөлек, Орал қаласы, сондай-ақ Исатай, Жылыой аудандарының тұрғындары қатысып қайтты.
Жарысқа «Jylyoirunclub» жүгіру клубының мүшелері арнайы барып, қысқы марафоннан ерекше әсер алды. Олар бұл жолы жүлде алу мақсатында емес, Атыраудағы алғаш рет ұйымдастырылған қысқы жарысты қолдауға және өңіраралық спорттық байланысты нығайту мақсатында барған еді. Бұл жөнінде аудандық мәдениет, тілдерді дамыту, дене шынықтыру және спорт бөлімі басшысы Әлібек Науаров:
- Қыс мезгілінде бұқаралық жүгіру жарысын ұйымдастыру үлкен дайындықты талап етеді. Бұл бастама – облыс көлемінде спортты дамытудың нақты қадамы. Жылыойлық спортшылардың арнайы барып қатысуы қолдаудың және ынтымақтастықтың белгісі. Мұндай шаралар тұрғындарды салауатты өмір салтына баулиды. Алдағы уақытта ауданда да қысқы спорттық іс-шараларды көбейту жоспарымызда бар. Бұл марафонға мен де бардым. Бірақ бұл жолы көрермен ретінде және жылыойлық спортшыларды қолдауға бардым,-дейді ол өз сөзінде.
Иә, «Jylyoirunclub» клубы мүшелерінің саны күн сайын көбеюде. Олар мезгіл таңдамай, таңғы жүгірістерге үзбей шығады. Олардың қатарында жастар да, аналар да, тіпті, зейнеткерлер де бар. Солардың бірі – Әйгерім Қайратқызы. Ауа райының суықтығына қарамастан алғашқы қысқы марафонда 5 шақырымды бағындырған ол:
- Бұл мен үшін ең алдымен тәртіп пен төзімділіктің сынағы болды. Қыста жүгіру оңай емес, алайда дұрыс дайындық болса, кез келген адам өз мүмкіндігін байқап көре алады. Біз жарысқа бірлік үшін бардық. Осындай ортада әр адам бір-біріне қолдау көрсетеді. Өйткені спорт тек нәтиже емес, ол – денсаулық пен жақсы көңіл-күй. Отбасым да мені қолдайды, балаларым да анасының спортпен айналысқанын көріп өсіп келеді. Бұл олар үшін де жақсы үлгі деп ойлаймын,-дейді ойын білдіріп.
Шара соңында барлық қатысушыға қар бейнесінде жасалған арнайы медальдар табысталып, естелік кәдесый қоржындары ұсынылды.
Д.ДЕРБІС




