20 қарашаға бекітілген Қазақстан Республикасы Президентінің кезектен тыс сайлауына бір ай уақыт қалды. Осы орайда ауданда сайлауға дайындық жұмыстарын білмек ниетте аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Зәуреш Қалмұхановамен байланысқан болатынбыз.
Оның айтуынша кезектен тыс Президент сайлауына дайындық қарқынды. Бұқаралық ақпарат құралдары арқылы сайлау учаскелерінің шекаралары және аумақтық сайлау комиссияларының құрамдары жарияланған.
«Аудан бойынша 1 аумақтық және 24 учаскелік сайлау комиссиялары құрылған. Комиссия құрамын 215 мүше құрайды. 3-5 қазан күндері ҚР Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында Жылыой аудандық аумақтық сайлау комиссияның мүшелері және учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары мен хатшыларына арналған «Қазақстан Республикасы Президентінің сайлауын өткізу кезіндегі сайлау процесінің құқықтық негіздері және сайлау комиссияларының жұмысын ұйымдастыру» тақырыбы бойынша оқыту тренингі ұйымдастырылып, өткізілді. Оған Жылыой аудандық аумақтық сайлау комиссияның мүшелері және учаскелік сайлау комиссияларының төрағалары менхатшыларынан 55 адам қатынасты»,- дейді аудандық аумақтық сайлау комиссиясының төрайымы Зәуреш Қалмұханова.
Еске сала кетейік, дауыс беру 2022 жылдың 20 қарашасында жергілікті уақыт бойынша 7.00-ден 20.00-ге дейін өтеді.
А.МОЛДАШЕВ