Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен Үкіметтің кеңейтілген отырысы өткен болатын. Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент биылғы бірінші жартыжылдықтың қорытындысын тұжырымдады.
-«Халықтың табысын арттыру бағдарламасы қабылданды. Бірақ, оның жұртқа тигізіп жатқан пайдасы шамалы. Ең алдымен, жергілікті жерлерде тиімді жұмыс жүргізілуі керек. Әкімдер жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға 100 жаңа жұмыс орнын ашуға тиіс. Менің білуімше, бұл бағытта нақты нәтиже жоқ. Тағы да ескертемін. Өңір басшыларының жұмысын бағалаған кезде осы көрсеткішке баса мән береміз. Жұмыс орындарын ашу жұрттың әлеуметтік жағдайына тікелей әсер етеді. Экономиканың тұрақты дамуы да осыған байланысты. Сондықтан Үкімет әкімдермен бірлесіп, бұл міндеттің қалай орындалып жатқанын талдауға тиіс»,- деген болатын өз сөзінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев.
Осы орайда айта кету керек еліміздің дамуының негізі – жұмысшы, еңбекқор жастар. Ұлттық экономика министрлігінің мәліметі бойынша, «Дипломмен ауылға!» жобасын іске асыру кезеңінде (2009 жылдан 2018 жылға дейін) 60 мыңнан астам маманға жәрдемақы төленген, ал 27,5 мыңнан астам маман көмек алған. Еңбек нарығын дамыту және халықтың, оның ішінде жастардың өмір сүру деңгейін жақсарту бойынша қосымша шаралар қабылдау мақсатында нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылып келді. Алайда осыған қарамастан жұмыссыз жүрген жастар өте көп. Олардың арасында жоғары оқу орнын бітіріп, білдей дипломға ие болса да өз кәсібі бойынша жұмысқа орналаса алмай жүрген жастар да бар. Міне, осы бос жүрген жастар елімізде зауыт, фабрикалар ашылса еңбек еткен болар еді.
Елімізде жастарға арналған мәдени орындар ғана емес, жоғары технологиямен қамтамасыз етілген жұмыс орындары ашылса жастар үшін игі іс болмақ! Өз басым Президенттің әр сөзін мұқият тыңдадым. Орынды талап, нақты тапсырмалар берілді. Сыннан қорытынды шығарылуы тиіс.
А.ЛҰҚПАНОВА,
№15 С.Қарабалин атындағы орта білім беретін мектеп кітапханашысы