Кеше ел болып Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың Республика күніне орай сөйлеген құттықтау сөзін тыңдадық. Әсіресе заңсыздық, тәртіпсіздік, мәдениетсіздік түбі жақсылыққа апармайтынын айтқан Мемлекет басшысы халықты бірлікке, татулыққа шақырды.
-Мемлекеттілік тұғырын нығайта түсу үшін заң үстемдігін орнықтыру өте маңызды. Әділетті Қазақстанды құру үшін құқықтық мәдениетті дамытуқажет. Заңсыздық, тәртіпсіздік, мәдениетсіздік елдіжарға жығады. Мұндай жағымсыз үрдістерге бүкіл қоғам болып қарсы тұруымыз керек. Ал тәртіпке бағынған қоғам өркениетті болады. Бұл – заңдылық. Әр азамат еліміздің заңын құрметтесе, береке-бірлікте, бақуатты тұрмыс та болады. Яғни, Заң толығымен орындалса, төрт құбыламыз түгел болмақ, - деген Президентіміз алға қарай да қоғамды өзгерту,демократия қағидаттарын енгізу жолынан айнымайтынын баса айтты.
Әсіресе әлемде саяси және экономикалық ахуал құбылып тұрған заманда еліміздегі заң мен құқық үстемдігін қамтамасыз ету өте маңызды екенін айрықша атап өтті. Мемлекет басшысы айтқандай, онсыз радикализм, экстремизм, құқықтық нигилизм мен тұрмыстық вандализм секілді кез келген қоғамға жат құбылыстар етек жайып кетері белгілі. Сондықтан мемлекет бұл көріністерге мүлдем төзбеушілік саясатын ұстанатынын тағы бір мәрте ескертті.
Бұл жерде Президентіміз “Тәртіпсіз ел болмайды, тәртіпке бағынған құл болмайды” деген батыр Бауыржан Момышұлының ұстанған даналығын меңзеп отыр. Біз - шәкірт тәрбиелеп жатқан ұстаздар қауымы қоғамдағы тәртіп пен заң үстемдігінің жас ұрпақ тәрбиесінен бастау алатынын жақсы түсінеміз. Сондықтан Жаңа да Әділетті Қазақстан құру жолында қазірден бастап оқушыларға сапалы білім мен саналы тәлім-тәрбие беріп қана қоймай, құқықтық мәдениетін қалыптасыруға күш салатын боламыз. Бұл еселі еңбегіміз ел ертеңініің кемел, болашағының жарқын болуына зор септігін тигізері сөзсіз.
Үміт Мұратқызы,
ұстаз