Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Шанхай ынтымақтастық ұйымы саммитінде сауда, көлік, цифрландыру және экология салаларын қамтитын бірқатар маңызды ұсыныстар айтты, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.
Ол, ең алдымен, экономика және инвестицияға қатысты болды. Мемлекет басшысы ШЫҰ елдері арасындағы сауда-экономикалық және инвестициялық байланысты кеңейту қажеттігін ерекше атап өтіп, былай деді:
- Шанхай Ынтымақтастық Ұйымы құрылғаннан бері ұйым елдерінің әлемдік ЖІӨ-дегі үлесі екі есе өсіп, 30%-ға жетті. Өңіраралық сауда көлемі 650 миллиард доллардан асты. Қазақстанның ШЫҰ елдерімен тауар айналымы да артып келеді, былтырғы көрсеткіш 70 миллиард долларға жуықтады,-деді Қ.Тоқаев.
Президенттің айтуынша, Қазақстан ШЫҰ Даму банкінің құрылуын қолдайды. Бұл ретте Астана халықаралық қаржы орталығы базасында ШЫҰ инвестициялық жобаларын қолдау кеңсесін ашуды ұсынды. Бұдан кейінгі кезекте транспорт және логистика саласын да сөз етті.
Қ.Тоқаев «Бір белдеу – бір жол» мегажобасының мүмкіндіктеріне тоқталды. Бұл жоба жылына 1,5 трлн доллар пайда әкелуі мүмкін. Бұл ретте Қазақстан үшін маңызды бағыттар – Солтүстік–Оңтүстік, Шығыс–Батыс және Транскаспий халықаралық дәлізі.
Президент «Трансалтай диалогын» бастау идеясын ортаға салды. Бұл бастама Қазақстан, Қытай, Ресей және Моңғолия арасындағы ынтымақтастықты арттыруды көздейді. Президент цифрлық технологиялар мен жасанды интеллекттің әлеуетін ерекше атап өте келіп, осы салада да маңызды ұсыныстарды ортаға салды.
- ШЫҰ жасанды интеллекттің жедел дамуы бойынша әлемдік көшбасшы бола алады. Біз Қытайдың Ғаламдық AI ұйымын құру бастамасын қолдаймыз,-деді ол.
Бұл ретте ШЫҰ жасанды интеллект жөніндегі сарапшылар форумын құру, оның алғашқы отырысын Астанадағы Digital Bridge аясында өткізу, 2027 жылы «ШЫҰ экономикаларына қызмет ететін жасанды интеллект» атты жоғары деңгейлі конференция ұйымдастыру жөнінде практикалық ұсыныстар айтты.
Президентіміз Қ.Тоқаев климаттық өзгерістердің салдарын атап өтіп, Қазақстанда ШОС су проблемаларын зерттеу орталығын құруды да ұсынды. Оған экологиялық қауіптер: шөлейттену, құрғақшылық, мұздықтардың еруі негіз бола алады. ШЫҰ елдері бұл мәселелерді бірігіп шешуі қажет. Президенттің айтуынша, 2026 жылы ұйымның 25 жылдығы кең ауқымда атап өтілуі тиіс:
- Бұл датаға ой елегінен өткізіп, нақты нәтижелермен баруымыз керек. Қазіргі саммит тарихқа маңызды шешімдерімен енеді деп сенемін,-деді Мемлекет басшысы. Қасым-Жомарт Кемелұлы сөз соңында Қырғызстанға ШЫҰ-дағы төрағалық кезеңінде табыс тіледі.
Е.БИСЕКЕНҰЛЫ