Сылбыр министрлерге сөгіс жариялады

Елордада Мемлекет басшысының төрағалығымен өткен Үкіметтің кеңейтілген отырысында Президент Жаңа Үкіметтің міндеттеріне тоқталды. Еліміздің бірінші жартыжылдықтағы экономикалық-әлеуметтік дамуы қорытындыланды. Инфляция мен инвестиция мәселелері қаралды. Сонымен қатар, Президент отырыста өз ісіне тиянақсыз, сылбыр министрлерді сынға алып, сөгіс жариялады.

Ел Президенті ең бастысы - азаматтардың табысын көтеру керектігін айтты. Осылайша халықтың әл-ауқатын көтеру мәселесін алдыңғы қатарға қойды. Мемлекет басшысының сөзінше, миллионға жуық адамның табысы ең төменгі күнкөріс деңгейіне де жетпейді екен. Бұл соңғы он жылдағы ең нашар көрсеткіш болып шықты. Ал осыған қарамастан Үкімет орташа жалақының өсуі туралы есеп беретінін тілге тиек етіп, шенділердің бұл әрекетін көзбояушылыққа балады. Президент кей өңірлердегі жұртшылықтың табыс көзі орташа республикалық деңгейге де жетпейді деді. «Олардың қатарында, Алматы, Атырау, Қызылорда, Маңғыстау, Түркістан облыстары бар екен. Биыл мамыр айында азаматтардың нақты табысының көрсеткіші – минус 2,9 пайыз болды. Мұндай құлдырау көптен бері болмаған», - деді Президент. Мен ел Президентінің бұл пікірімен толықтай келісемін. Қазіргідей қымбатшылық қос бүйірден қысқан кезеңде, ең әуелі, азаматтардың тұрмыстық деңгейін көтеруге жұмыстану қажет деп білемін.
Кеңейтілген отырыс барысында Мемлекет басшысы еліміздің ауылшаруашылық саласындағы өзекті деген бағыттарға тоқталды. Мәселен, бірнеше айдан бері тапшылығы байқалып келетін – қант жетіспеушілігі мәселесі ең өткір мәселе еді. Бүгінде, бұрын іске қосылған 7 қант зауытының 4-еуі ғана жұмыс істеп тұр екен. Олардың өзі үште бір қуатымен ғана өз жұмысын атқарып тұр. Осы орайда, Президент ауылшаруашылығы министрлігінің қызылша қантының үлесін 2026 жылға қарай 6 есеге арттыруды жоспарлап отырғанын айтты. Алайда, соңғы 4 жылда қант қызылшасының алқабы 3 есеге қысқарып кеткен.
Президент еліміздегі экология мәселесіне де тоқталып, киік санын азайтуға нүкте қойды. Фермерлерге қолдау көрсету тәсілдерін әзірлеуді тапсырып, керек болса «Атамекен» кәсіпкерлер палатасын да осы жұмыстарға тарту керектігін айтты.
Республика көлеміндегі ең өзекті деген мәселенің бірі – сын көтермейтін жолдардың сапасы. Жиында Президент нашар жол сапасына жауаптылардың барлығын жазаға тарту керектігін айтты. Ол үшін алдағы уақытта арнайы комиссия құрылатын болады. Аталған комиссияның құрамына енетін Президент әкімшілігі және құқық қорғау органдарының өкілдері мен халық қалаулылары жол сапасына қатысты соңғы 10 жылдағы заң бұзушылықтарды тыңғылықты зерделеу керектігі де белгілі болды. «Үкіметке «ҚазАвтоЖол» және «Қазавтодорды» біріктіріп, Қазақстанның біртұтас автожол компаниясын құруды тапсырамын. Нәтижесінде, қызметкерлердің де саны қысқаратын болады. Сонымен қатар, ол бұл саланың жұмысын өрге бастыру үшін халықаралық жүйелерді қолға алу қажет», - деді Мемлекет басшысы өзінің сөйлеген сөзінде. Осылайша, бюджет қаражаты тиімді жұмсалып, барлық деңгейдегі жемқорлық азаятын болмақ.
Президент берген ел дамуы жолындағы бірқатар тапсырмалар күзге дейін орындалуы керектігі баса айтылды. Ал өз жұмысына салғырт қараған жауапты шенеуніктер қызметінен босатылуы мүмкін.
Кеңейтілген отырыстан нені байқадық. Нақты тапсырма, қатаң бақылау. Тек осылай ғана жауапсыздық пен жемқорлық деген жегі құртпен күресуге болады.


А.АТАБАЕВА,
Ментор, бизнес-тренер. «Qabilet»қоғамдық қорының жетекшісі

ФОТОГАЛЕРЕЯ

Біріңғай мемлекеттік байланыс

AQPARATPRINT