Ағымдағы жылдың 28 мамырында Жылыой ауданының әкімдігінде аудандық аумақтық референдум комиссиясының ұйымдастыруымен республикалық референдум ұйымдастыру мен өткізу мәселелері жөніндегі семинар-кеңес өтті.
Жиынға жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, аудан прокуратурасының прокуроры Д.Абжапаров, аудандық аумақтық және учаскелік референдум комиссиясының төрағалары мен орынбасарлары, хатшылары және мүшелері қатысты.
Семинар-кеңес референдумды ұйымдастырудың мәнін, құқықтық негіздерін, Қазақстан Республикасында республикалық референдумға дайындық пен оны өткізу процесінің ерекшеліктерін, референдум туралы заңды бұзғаны үшін жауапкершілікті түсіндіруді мақсат етеді.
Аудан прокуратурасының прокуроры Д.Абжапаров семинар-кеңеске қатысушыларға «Республикалық референдум туралы заңнаманы бұзғаны үшін жауапкершілік» туралы тақырыбында баяндама жасады. Өз баяндамасында прокурор заң талаптарын қасақана немесе абайсызда бұзғаны үшін жауапкершілікке тартудың құқықтық негіздерін түсіндірді.
Мәселен, сайлау құқықтарын жүзеге асыруға немесе сайлау комиссияларының жұмысына кедергі келтіргендер, сайлау құжаттарын, референдум құжаттарын бұрмалау немесе дауыстарды дұрыс есептемегендер Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 150, 151-баптарына сәйкес жауапкершілікке тартылады.
Сондай-ақ, сайлау комиссиясына (республикалық референдум комиссиясына) қажеттi мәлiметтер мен материалдарды ұсынбағандар немесе комиссияның шешiмдерiн орындамағандар, азаматтардың сайлаушылар тiзiмiмен танысу құқығын бұзу және үгіттеу материалдарын қасақана жойып, бүлдіргендер де Қазақстан Республикасы Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 101,106,114-баптарына сәйкес заң алдында жауап береді.
Жылыой ауданының прокуратурасы