Референдум жөнінде түсінік беру жұмысы бүгін Жылыой ауданы Технодом сауда орталығында жалғасты. Таңертең сағат 9.00-де арнайы құрылған штаб мүшелері, аудандық мәслихат депутаты Т.Майлыбаев, "Атамекен" кәсіпкерлер палатасының директоры Е.Нұрланов, партияның белсенді мүшесі жеке кәсіпкер Б.Кулбаев Технодом сауда орталығының еңбек ұжымымен кездесті.
Референдумның мақсаты- "жаңа мемлекеттік модельге" көшу. Бұл Жаңа Қазақстанды құрудағы қадамдардың бірі. Конституцияның 33 ке жуық бабы өзгереді, Президенттің өкілеттігі қысқарады және ең бастысы азаматтардың саясатқа қатысуы кеңейеді және алдағы өзгерістер адам құқықтарын қорғауды күшейтуге бағытталған.
"Айта кету керек, 1995 ж бастап алғаш рет конституциялық реформа тікелей жалпыхалықтық дауыс беру арқылы жүзеге асырылатын болады, сондықтан оған еліміздің барлық азаматтарының қатысуы өте маңызды! Алдағы реформалар әрбір азаматқа қатысты, елдің одан әрі дамуына үлес қоса отырып, 5 маусымда бәріміз дауыс беруге қатысып, азаматтық борышымызды орындайық" - деді штаб мүшелері.
Жиналған ұжым еліміздегі саяси реформалардың керектігін, бұрын соңды болмаған, референдумның халық талқысына шығуын дұрыс ұсыныс деп қабылдап, суперпрезиденттік басқару жүйесінен кетіп, мықты парламенті бар президенттік моделге өтуді оң бағалауда. Сонымен қатар, жергілікті жерге байланысты сұрақтарын да қойып, жауаптарын алды. Конституцияға өзгеріс енгізетін референдумды қолдайтындарын жеткізді.