Аудан әкімінің өкімімен аудан әкімінің орынбасары лауазымына Нұрболат Сарманов тағайындалды. Ол бұған дейін Атырау қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасы басшысының орынбасары қызметін атқарып келген еді. Бұл жөнінде аудан әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады.
Нұрболат Әлібекұлы - 1982 жылы Атырау облысы, Қызылқоға ауданы, Миялы ауылында дүниеге келген. Актөбе қаласындағы Батыс Қазақстан экономика және қаржы институтының колледжін үздік дипломмен аяқтап, қаржыгер мамандығын меңгерді. 2001 жылы Атырау мұнай және газ институтына түсіп, мұнай және газ саласындағы экономист мамандығын алып шықты. 2014-2016 жылдар аралығында Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясына оқуға қабылданып, мемлекеттік және жергілікті басқару магистрі ғылыми атағын иемденген. Академия саласында алғыс хаттарға ие болып, Париж қаласында біліктілігін арттырды.
Еңбек жолын 2001 жылы Қызылқоға аудандық мәслихатында бас есепші болып бастады. Сол жылдан бастап Қызылқоға аудандық денсаулық сақтау бөлімінде экономист, салық қызметінің аудит саласында бас маман болып қызмет атқарды. Атырау қаласына ауысып, салық қызметінің аудит саласында жеке және заңды тұлғалар бөлімінде бас маман, бөлім басшысы болды. 2011-2012 жылдары Атырау облысы тексеру комиссиясында бас маман, бөлім басшысы лауазымын атқарып, Қызылқоға ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы лауазымына тағайындалды. 2018-2021 жылдары Атырау облысы бойынша Мемлекеттік кірістер Департаментінің басқармаларында басшылық қызметтер атқарды. 2021-2023 жылдары Мақат ауданы бойынша Мемлекеттік кірістер басқармасының басшысы болды.
Е.БИСЕКЕНҰЛЫ