banner_damu

«Ұлыбританияда жалақысы азға жәрдемақы төлейді»

-Қайрат Бақтыгерейұлы, Лондондағы делегация құрамы қалай іріктелді?

-Қазақстан Республикасының Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі Дүниежүзілік банкпен бірлесіп, осы іссапарды ұйымдастырды. Мемлекетімізден делегация құрамында 12 адам болып бардық. Алдын ала Жұмыспен қамту орталықтарына жасаған жұмыстарының нәтижесі мен көрсеткіштеріне қарай іріктеу жүргізді. Соның ішінен таңдалған орталықтар – бұл Қарағанды, Ақтөбе қалалары мен Шығыс Қазақстан облысында орналасқан Глубокое аудандық Жұмыспен қамту орталығының директорлары, Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігі өкілдерімен бірге Дүниежүзілік банк қызметкерлері болды. Осы таңдап алынған 4 орталықтың ішінде Жылыой ауданының болуы үлкен дәреже және атқарылған жұмыстарымыздың оң бағасы деп есептеймін. Себебі  Республика бойынша 200 Жұмыспен қамту орталығы бар.

-Сапарыңыз жөнінде айтсаңыз. Шетелдегі Жұмыспен қамту орталықтары қандай екен?

-Лондон қаласында жалпы 12 миллионға жуық адам тұрады және ағылшындармен қатар өзге ұлт өкілдері көп кездеседі екен. Біз барған күні шуақ болып, келесі күннен бастап, 4 күн жапалақтап қар жауды. Ең бірінші барған жеріміз Лондонға қарасты Кройден ауданының мемлекеттік Жұмыспен қамту орталығы болды. Кройден ауданында 300 мыңға жуық халық тұрады, ал Жұмыспен қамту орталығында штаттық саны 75 адам жұмыс жасайды. Қызметтерін айтсам, 60 инструктор келген жұмыссыздармен жұмыс жасайды, 8 менеджер осы инструкторлардың жұмысын бақылайды, әртүрлі тренингтер өткізеді. 7 консультант болады. Олар жұмыс берушілермен қарым-қатынас жасайды. Жалпы Ұлыбритания елінде 700 Жұмыспен қамту орталығы бар және ол орталықтарда халықпен тікелей жұмыс жасайтын 14000 инструктор қызмет етеді.

-Әлеуметтік жобаларын атап өтсеңіз.

-Оларда жаңа әлеуметтік жоба қолданылады, ол – универсалды жәрдемақы. Бұл жәрдемақыға бұрынғы 6 әлеуметтік жәрдемақыны біріктірген. Оның ішінде жұмыссыздық жәрдемақысы, денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз болғандағы жәрдемақы, аз қамтылған отбасыларға берілетін жәрдемақы, тұрғын үй жалдау шығындарын субсидиялау, салықтық қайтарым және балаға салықтық қайтарым жәрдемақылары. Себебі оларда салық мөлшері жоғары. Жұмыс сұрап келгендерге Жұмыспен қамту орталықтары универсалды жәрдемақы тағайындауға құжаттар қабылдайды және олардың еңбекке жарамды тұлғаларын жұмысқа орналастыруға жәрдемдеседі. Жәрдемақы тағайындалғасын орталық тарапынан оларға мониторинг жұмыстарын жүргізеді. Яғни жұмысқа кіріп, бірақ табысы күнкөріс деңгейінен төмен болса, оларға жәрдемақыны төлей береді. Олар өтініш берген тұлғалардың салық жүйесі арқылы қанша табыс тауып отырғанын анықтап отырады. Қазіргі таңда ол жақта 14000 адам аталған жәрдемақыны алып отыр.

-Жұмыспен қамту мәселесі қалай шешілуде?

-Жалпы, ол жақтың жұмыссыздық деңгейі 4,3 пайызды құрайды. Бос жұмыс орындары туралы айтсам, орталықтың жұмысы біздің елдегі орталықтардың жұмыстарымен сәйкес келеді деп айтуға болады. Себебі олар да жұмыс берушілермен тығыз қарым-қатынаста, олардан түскен сұраныс талаптарына сай жұмыссыздарды жолдайды.

-Лондонда жеке жұмыспен қамту мекемелері де бар деп естідік.  Айырмашылығы қандай?

-Ия, тіпті корпорациялар да бар. Біздер олардың да жұмыстарымен танысу үшін кеңселеріне бардық. Бір қызығы, Ұлыбритания елінің үкіметі жұмыспен қамту бағытында тендер жариялайды, сол тендерге үкіметтік емес мекемелер қатысып, келісімшарт жасасады. Бұл келісімшарт 1-2 жыл емес, 5 жылға беріледі. Осы уақыт аралығында жеңімпаз мекемелер белгілі аудан немесе қаланың  әлеуметтік жағдайына зерделеу жұмыстарын жүргізеді. Яғни географиялық орналасуына қарай ол жерде орналасқан жұмыс беруші мекемелерге және алға қарай даму жоспарына сәйкес қандай мамандық иелері қажет болуына мониторинг жасайды. Соған қарай жұмыссыздарды алдын ала дайындайды, әртүрлі оқуларға, тіпті ағылшын тілін білмейтін келімсектерге тілді де үйретіп, жұмысқа орналастыруға жағдай жасайды. Бұл мекемелер – шағын мекеме емес, өзге дамыған елдерде филиалдары бар, материалдық, кадрлық жағынан да жетілдірілген мекемелер. Мысалға, осындай жұмыстарды атқарып отырған «Ingeus» мекемесінің дүниежүзі бойынша Франция, Швеция, Корея, Сингапур сияқты 11 елде өз филиалдары бар және «Самсунг» секілді алпауыт мекемелерге кадрларды дайындап беріп отыр. 

- Сонымен қатар Лондон университетінде болыпсыз.

-Ия, Лондонның шығысында орналасқан университетте болдық, атауы да – орналасқан жері сияқты Шығыс Лондон университеті. Бұл университет – бакалавр және магистр жоғары білімді мамандарын дайындайтын «Оксфорд» сияқты үлкен университет. Бұл университеттен алған әсеріміз: полиция қызметкеріне дейін оқытып, тиісті сертификатын береді екен. Сонымен қатар Үкімет тарапынан жүзеге асырылатын жобалардың тізімін көрсетіп, яғни көлік саласы, IT технология, құрылыс саласында 2020 жылдары жүзеге асырылатын жұмыстарға қажетті мамандықтарды алдын ала дайындайтынын айтты.

-Әңгімеңізге рахмет.

Сұхбаттасқан: П.ҚИЗАТОВА.

ЕЛБАСЫ КІТАПХАНАСЫ

biblioteka-pervogo-prezidenta-kz

Сұрақ Жауап

Ауданда covid-19 жұқтырғандардың көбею себебі неде деп ойлайсыз?

logo1

Меншік иесі: «Атырау-Ақпарат» ЖШС

Газет Қазақстан Республикасының Ақпарат және коммуникациялар министрлiгiнде 2018 жылы 16 мамыр күні тiркеліп, тіркеу туралы №17099-Г куәлiгi берiлген

Редакция мекенжайы: Құлсары қаласы, Исатай Тайманов көшесі, 4 үй.

Тел: 5-16-83, 5-07-66, 30-51-06, 30-51-05.

 

Яндекс.Метрика